Теміртауда еңбек ардагерлерін ұлықтады
Теміртауда Қазақстан халқының бірлігі күні жылы әрі достық атмосферада аталып өтті. Сол күні өткен маңызды шаралардың бірі — ел игілігі үшін талмай еңбек еткен ардагерлерді құрметтеу болды.
Теміртауда Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына, Қазақстан халқының бірлігі күніне және Жұмысшы мамандықтарының жылына орай еңбек ардагерлерімен салтанатты кездесу өтті. Іс-шараны ұйымдастырған — Ішкі саясат бөлімі.
Самат Зияшев, Теміртау қаласы әкімінің орынбасары: «Сондай-ақ биылғы жылды Мемлекет басшысы Жұмысшы мамандықтар жылы деп жариялады. Бұл — еңбек адамына көрсетілетін ерекше құрметтің белгісі. Ардагерлер — ауыр да жауапты еңбектің, өндірістегі табандылық пен ерліктің жарқын үлгісі. Сіздердің қажырлы еңбектеріңіз Теміртау тарихының алтын парағында сақталып қалмақ».
Кездесуге металлургия комбинатының ұзақ жылдар бойы аянбай еңбек еткен, қала мен ел экономикасының дамуына зор үлес қосқан ардагерлері шақырылды. Оларға алғыс хаттар табысталып, адал еңбектері үшін ерекше ризашылық білдірілді.
СНХ Николай Татаркин, еңбек ардагері: «Сібір металлургия институтын тәмамдаған соң, агломератшы болып жұмысымды бастадым. Кейін қалалық орталық зертхананың басшысының орынбасары, одан соң аглодомен өндірісі технологиясы бойынша менеджер болдым. Жаңа зауыттардың құрылысына қатыстым. Қазір этномәдени бірлестікте ардагерлер бағытын басқарамын. Міне, металлургия саласында жүргеніме 46 жыл болды».
Теміртау — еңбекқор әрі көпұлтты қала. Түрлі этнос өкілдері бейбіт өмір сүріп, туған қаланың дамуына өз үлестерін қосып келеді. Бұл іс-шара — бірлік пен татулықтың, өзара сыйластық пен достықтың жарқын көрінісі болды.
Комментарии