Қорғаушыларды тәрбиелеу: «Qaisar» әскери-патриоттық ойындары қалай өтті


Қарағанды облысында «AMANAT» партиясының жастар қанаты ұйымдастырған «Qaisar» әскери-патриоттық ойындары өз мәресіне жетті. Бұл ойындар жастар арасында патриотизм мен жауапкершілікті қалыптастырудың қаншалықты маңызды екенін айқын көрсетті.

«Qaisar» әскери-патриоттық ойындары Қарағанды облысында өтіп, Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген 300-ден астам қатысушыны жинады. Олардың қатарында «Жас сарбаз» ұйымының тәрбиеленушілері, «Әлияшы» қозғалысының қыздары және жоғары сынып оқушылары болды. Қатысушылар тек физикалық дайындықтарын ғана емес, командалық рухты, жеңіске деген жігерді және табандылықты да көрсетті.

Ерлан Қошанов, «AMANAT» партиясының төрағасы: «“Qaisar” әскери-патриоттық ойындарын тұрақты түрде өткізуді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ерекше тапсырған болатын. Бүгінгі “Qaisar” әскери-патриоттық ойындары – бұл жай ғана спорттық шара емес, бұл – рухтың, тәртіптің, ұлтқа қызмет етудің жарқын үлгісі».

Екі күн бойы қатысушылар түрлі сайыстарда бақ сынады: атыс, автоматты бөлшектеу және жинау, тактикалық тапсырмалар және әскери эстафеталар. Биыл алғаш рет ойын бағдарламасына ұлттық спорт түрлері мен цифрлық бағыттар қосылып, сайыстарға ерекше әр берді.

Ойындар әскери-патриоттық тәрбиені дамытуға арналған жаңа бастамаларды талқылаумен аяқталды. «AMANAT» партиясы әскери-патриоттық тәрбиелеу жүйесін жетілдіруге және бастапқы әскери дайындық пәні мұғалімдерін қолдауға бағытталған заң жобасын ұсынды. Бұл жоба аясында әскери-патриоттық үйірмелердің түлектері үшін бірқатар жеңілдіктер де қарастырылған.