Табиғатқа қамқорлық пен мейірімділік акциясы


Қарағанды облысында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы басталды. Акция аясында Ақтау кенті маңындағы ағаш отырғызу жұмыстары жүргізілді.

«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында Ақтау кенті маңындағы «Самал» шипажайы жанындағы орман алқабында ағаш отырғызу жұмыстары жүргізілді. Іс-шараға мәслихат депутаттары, Қоғамдық кеңес мүшелері, жастар және орман шаруашылығы қызметкерлері қатысты. Барлығы өңірді көгалдандыру мен экологиялық жағдайды жақсарту мақсатында бірікті.

Шырын Ақсақалова, орман шаруашылығының шебері: 0.55 «Басты мақсатымыз – жер бетіндегі жасыл желектің санын арттыру. Және Президентіміздің алға қойған бастамасын әрі қарай жалғастырып, өңірімізде жасыл желек санын көбейту. Дәл осы жер жасыл желек санын арттыруға топырақтың құрамы сай келетін болғандықтан, осы жер таңдалып алынды».

Президенттің 2025 жылға дейін 2 миллиард ағаш отырғызу бастамасы аясында Қарағанды облысында белсенді жұмыстар жүргізілуде. Биыл 296 гектар жерге 658 мыңнан астам көшет отырғызу жоспарланған. Отырғызу жұмыстары орман шаруашылығы қызметкерлерінің күшімен жүзеге асырылуда. Ағаштардың тіршілікке бейімделуіне ерекше назар аударылады.