fbpx

Шекарасыз жастар


Теміртаудағы Жастар ресурстық орталығының базасында Нұра ауданынан келген мектеп оқушылары мен еріктілердің қатысуымен форум өтті. Іс-шараның мақсаты — екі өңірдің жастар құрылымдары арасында тәжірибе алмасу, идеялармен бөлісу және ынтымақтастықты кеңейту.

Форумға елуге жуық қатысушы жиналды — олар еріктілер, белсенділер, мектеп оқушылары және Теміртау мен Нұра ауданының жастар ресурстық орталықтарының қызметкерлері. Қонақтар үшін экскурсия ұйымдастырылып, тренингтер, воркшоптар өткізілді және «Жасыл ел» жобасы аясында бірлесіп көшет отырғызылды. Форумның негізгі бөлігі — жастар саясатын дамыту мен жасөспірімдерді қоғамдық қызметке тартудағы үздік тәжірибелерді талқылау болды.

Руслан Кожекенов, «Теміртау қаласының Жастар ресурстық орталығы» КММ директоры: «Бұл іс-шараның басты мақсаты — жастар ресурстық орталықтарының қызметкерлері арасында тәжірибе алмасу. Жалпы, Теміртау қаласының жастар ресурстық орталығы жыл сайын жастарды дамытуға бағытталған түрлі әлеуметтік тапсырыстарды жүзеге асырады. Негізгі нысаналы топ — 14 жастан асқан жастар, біз осы санатты қамтып отырмыз, олар үшін әртүрлі бағдарламалар мен жобалар қарастырылған. Бұл іс-шаралар да жастардың жеке дамуына бағытталған».

Осындай іс-шаралар жастардың шабыт алып, идеялармен алмасуына және пікірлестер табуына мүмкіндік береді. Ал өңіраралық ынтымақтастық белсенді жастар үшін жаңа мүмкіндіктер мен дамуға жол ашады.

Комментарии

Ответить

Вы должны войти, если хотите оставить комментарий.

Войти с помощью: