Көшелер, жарық және қауіпсіздік: мердігерлерге жаңа тапсырмалар жүктелді
Қалалық инфрақұрылым мәселелері мердігер ұйымдармен өткен жұмыс кеңесінде талқыланды.
Теміртауда қалалық инфрақұрылым саласында қызмет көрсететін мердігер ұйымдардың қатысуымен жұмыс кеңесі өтті. Кеңесті қала әкімі құқық қорғау органдарының өкілдері, мәслихат депутаттары, бұқаралық ақпарат құралдары, қоғамдық кеңес мүшелері және жұмыс сапасына жауапты мамандармен бірге өткізді.
Кеңесте қаралған басты мәселелердің бірі – тұрғындардың көше жарығының болмауына байланысты көптеп түскен шағымдар болды. Қала әкімі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөліміне тұрақты тексерістер жүргізуді, ал мердігер ұйымдарға анықталған ақауларды қысқа мерзімде жоюды тапсырды.
Кеңесте сондай-ақ қала көшелерінің тазалығы, жолдарды суару және ірі көлемдегі қоқысты шығару мәселелері де талқыланды. Қала санитарлық жағдайының тұрақты бақылауда болуы тиіс екені атап өтілді.
Сонымен қатар, жүргізушілердің мәдениетті жүріс-тұрысы туралы да сөз болды: көлік жүргізу кезінде жол қозғалысы ережелерін сақтау, темекі тартпау, телефонмен сөйлеспеу, қызметтік форманы кию және қоғамдық көлік ішінің тазалығының маңыздылығы айтылды.
4А кварталында 60, 90 және 120 пәтерлі тұрғын үйлердің құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Қала әкімі мердігерлерге құрылыс қарқынын үдетіп, қосымша жұмысшылар тартуды тапсырды.
Қаланың Оң жағалауда, АБВ кварталында және 9А шағын ауданында кәріз желілерін тарту жұмыстары жалғасуда. Сондай-ақ, сумен жабдықтау жүйелері мен электр желілерін тарту жұмыстары да қолға алынған. Қаланың бірқатар ескі аудандарында электр желілерін жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Биыл АБВ, 9А кварталдарында және 3, 4, 5 ықшам аудандарында ескі кабельдерді толықтай ауыстыру жоспарланған.
Комментарии