Түнде кәріз суын заңсыз төгуде


Теміртау тұрғындары түнгі уақытта септиктеріндегі кәріз суларын әлі іске қосылмаған кәріз желілеріне заңсыз төгіп келген. Бұл жағдай көршілердің тыныштығын бұзып, жалпы ахуалға кері әсерін тигізді. Толығырақ біздің сюжетте.

Жамбыл көшесінде өткен жылы жаңа кәріз желілері салынған болатын. Алайда олар әлі пайдалануға берілмегеніне қарамастан, бұл құбырларға ағынды сулардың рұқсатсыз төгілгені анықталды. Алдын ала мәлімет бойынша, мұндай төгінділер түнгі уақытта жақын маңдағы үйлердің тұрғындары тарапынан жасалған.

Нұржас Жакітай, құрылыс бөлімінің басшысы:  «Қазір біз Жамбыл көшесінде тұрмыз. Мұнда өткен жылы кәріз жүйесінің құрылысы жүргізілген. Бұл желі жаңа, қазіргі таңда ол ешбір негізгі жүйеге қосылмаған. Алайда соған қарамастан, осы кәріз құдықтарына ағынды сулар төгілген жағдайлар тіркелді. Мұны сол маңдағы тұрғындар жасаған. Мұндай әрекеттер, әсіресе түнгі уақытта орын алып отыр».

Айта кету керек, бұл тұрғындар мүлде кәрізсіз қалған жоқ – олардың үйлері жеке септиктермен жабдықталған. Алайда кейбір азаматтар оларды уақытылы тазалау орнына, ағынды суды тікелей жаңа, бірақ әлі қосылмаған кәріз желісіне құйып келген. Соның салдарынан, бұл желілер пайдалануға берілмей жатып ластанып, «Оқжетпес-Т» ЖШС мен коммуналдық қызмет өкілдеріне оларды тазалау жұмыстары жүктелді. Бұдан бөлек, құдық айналасы батпаққа айналып, одан жағымсыз иіс шыға бастады.

Нұржас Жакітай, құрылыс бөлімінің басшысы: «Бүгінгі таңда «Оқжетпес-Т» мекемесі және мердігер ұйыммен бірлесіп, жаңа кәріз желісін тазарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Кеше бұл желіні қолданыстағы орталық жүйеге қосып үлгердік. Енді барлық ағынды су осы желі арқылы қауіпсіз ағуы тиіс».

Айналадағы жер кепкен соң, аумақ абаттандырылып, топырақ тегістеледі. Бір аптадан кейін бұл жерде газ тарту жұмыстары басталады. Одан кейін жолға қиыршық тас төселіп, тұрғындарға жаңбырлы күндері қолайсыздық тудырмау үшін жағдай жасалмақ.