Жас суретшілер жемқорлыққа қарсы


Сөзсіз, бірақ мағынасы терең. Теміртауда балалар бояу мен қағаз арқылы өздері көргісі келетін — адал, әділ және жемқорлықтан азат әлем туралы айтып берді.

11 маусым күні Теміртау қаласындағы «Шығыс» саябағында «Балалардың көзімен – жемқорлық» атты сурет байқауының жеңімпаздарын салтанатты марапаттау рәсімі өтті. Байқауға 4 жастан 13 жасқа дейінгі ондаған жас суретші қатысты. Балалар өз туындылары арқылы адалдық, әділеттілік және жемқорлықпен күрес сынды маңызды әлеуметтік тақырыптарға деген көзқарасын білдірді. Байқау Теміртау қаласы әкімінің аппаратының тапсырысы бойынша ұйымдастырылды.

Абай Амантай, Қарағанды облысы кәсіпкерлер қауымдастығының өкілі: «Біздің түпкі мақсатымыз — балалардың сурет салу барысында ата-аналарымен жұмыс істеуі. Яғни ата-аналары мен мұғалімдерін атсалыстырып, Теміртау қаласының тұрғындары арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті арттыру».

Жеңімпаздар үш жас санаты бойынша анықталды. Барлық лауреаттарға дипломдар, ақшалай сертификаттар мен тәтті сыйлықтар табысталды.

Қымбат Манақбаева, «Балалардың көзімен – жемқорлық» байқауының жеңімпазының анасы: «Ұлым үшінші орын алып отыр. Өте қуаныштымыз. Теміртау қаласының әкімдігіне көп алғыс айтамыз. Кішкентай бүлдіршіндерге тек қана алға дейміз. Осындай биіктіктерден көріне беріңдер. Баршаңызға рақмет».

Микаэла Кулакова, байқау жеңімпазы: «Мен қатты қуаныштымын. Барлықтарыңызды құттықтаймын».

Асанали Савденбек, байқау жеңімпазы: «Мен жеңіске жеткеніме өте қуаныштымын».

Ұйымдастырушылар барлық қатысушыларға, олардың ата-аналары мен педагогтарына белсенді қатысқандары үшін алғыс білдірді. Мұндай іс-шаралар алдағы уақытта да тұрақты түрде өткізіліп отыратыны айтылды.