Кондоминиум нысандарын күтіп ұстауға жаңа есеп бекітілді


Теміртауда көпқабатты тұрғын үйлерді күтіп ұстауға арналған ең төменгі тариф талқыланды. Қалалық мәслихаттың кезекті сессиясында депутаттар 2025 жылға арналған кондоминиум нысандарының ортақ мүлкін басқару және күтіп ұстауға жұмсалатын шығындар жобасын қарап, бекітті.

Теміртауда 2025 жылы көпқабатты тұрғын үйлердің ортақ мүлкін басқару және күтіп ұстауға кететін ең төменгі шығын мөлшері бір шаршы метрге шаққанда айына 54,7 теңгені құрайтын болады. Тиісті шешім қалалық мәслихат сессиясында қабылданды.

Дәулет Даиров, «Теміртау қаласының тұрғын үй инспекциясы бөлімі» ММ басшысы: «Үйді күтіп ұстауға арналған тарифті тұрғындар өздері бекітеді. Ол үшін тұрғындар жиналысы өткізіледі. Сол жиналыста тұрғын үйге не қажет екені талқыланады. Себебі әр үйдің жағдайы әртүрлі. Бізде 9 қабатты да, 2 қабатты да үйлер бар. Кейбір үйлерде 100-ден астам пәтер болса, кейбірінде небәрі 16 ғана. Сондықтан біркелкі тариф болуы мүмкін емес. Сол себепті орташа есептелген тариф — 54,7 теңге. Бұл — тұрғын үйді лайықты жағдайда ұстауға қажет ең төменгі мөлшер».

Есептеулер қолданыстағы заңнама мен ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі бекіткен әдістеме негізінде жүргізілді.

Сессия барысында депутаттар пәтер иелері кооперативтері (ПИК/КСК) жұмысының негізгі аспектілерін де талқылады. Олардың жұмыс тиімділігі, қаржы шығындарының ашықтығы және тұрғындармен өзара әрекет ету мәселелері көтерілді.