Студенттер — сыбайлас жемқорлыққа қарсы
Қарағанды индустриялық университетінде ғылыми зиялы қауым мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі жанындағы Қоғамдық кеңес және «Жаңару» қоғамдық бірлестігі өкілдерімен кездесу өтті.
Қарағанды индустриялық университетінде өткен жиын Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасын жүзеге асыру аясында ұйымдастырылды. Кездесу ғылым мен білімнің сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдағы рөлін талқылауға арналған алаңға айналды. Негізгі назар — құқықтық сананы қалыптастыру, жемқорлыққа қарсы мәдениетті тәрбиелеу және жастар арасында азаматтық жауапкершілікті нығайту мәселелеріне аударылды.
Бейбіт Мамраев, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі жанындағы Қоғамдық кеңес өкілі: «Сыбайлас жемқорлықпен күрес нақты нәтижелер беруі керек, қазіргі кезде нәтиже бар. Университет басшылығына, шараға қатысқан барлық мамандарға – колледж директорларына, кафедра меңгерушілеріне, құқық қорғау органдарының, мәслихаттың, білім беру, бизнес саласының өкілдеріне ризашылығымызды білдіреміз. Жиында заңнамалық мәселелер көтерілді, сыбайлас жемқорлыққа қарсы заң жобасына қатысты соңғы жаңалықтармен бөлістік».
Кездесу диалог алаңында жалғасын тапты. Мұнда тек жемқорлыққа қарсы шаралар ғана емес, экология және жастар саясаты мәселелері де қозғалды.
Бахыт Жаутиков, ҚарИУ ректоры: «Біздің Қарағанды индустриялық университеті – аймақтағы ғылым мен білімнің орталығы. Облыс орталығынан тыс орналасқанымызға қарамастан, біз жастарға қолдау көрсететін түрлі шараларды белсенді түрде өткізіп келеміз. Қонақтарымыздың университетке келуі – бізге деген үлкен сенім мен осы саладағы соңғы жаңалықтармен танысуға мүмкіндік».
Сыбайлас жемқорлықпен күрес – тек құқық қорғау органдарының емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Ғылым, білім және азаматтық институттар арасындағы ашық диалог – елдің болашағын өзгерте алатын құндылықтарды қалыптастырады.