Мемлекеттік қызметшілер – қоғамның тынысы


23 маусым —Мемлекеттік қызметші күні аталып өтеді. Бұл кәсіби мереке – қоғам игілігі үшін жұмыс істеп, ел дамуына үлес қосып жүрген мамандардың еңбегін бағалау күні. Қазақстанда бүгінде 90 мыңнан астам адам мемлекеттік қызмет саласында еңбек етеді.

Мемлекеттік қызметшілер күні алғаш рет 2002 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясының 57-сессиясында бекітілді. Сол кезде 23 маусымды жыл сайын мемлекеттік қызметшілердің қоғам дамуына қосқан үлесін атап өтетін күн ретінде белгілеу жөнінде шешім қабылданған болатын. Ал Қазақстанда бұл мереке 2013 жылы Президент Жарлығымен ресми түрде бекітілді.

Бүгінде еліміздегі мемлекеттік қызмет — бұл министрліктерде, әкімдіктерде, түрлі мемлекеттік мекемелер мен департаменттерде еңбек ететін мыңдаған маман. Олардың басты міндеті — білім беру мен денсаулық сақтау саласынан бастап, қоғамдық қауіпсіздікке дейінгі барлық бағыттардың тұрақты жұмысын қамтамасыз ету. Мемлекеттік қызметші күні — олардың күнделікті қажырлы еңбегіне көрсетілген құрмет.