«Металлург» стадионы: күрделі жөндеу бола ма?


Теміртаудағы «Металлург» қалалық стадионының жағдайы туралы сюжет шыққаннан кейін редакцияға жергілікті атқарушы органдардан ресми жауап келіп түсті.

Теміртау қаласының әкімдігінде хабарлағандай, 2022 жылы стадион қала балансына берілген. 2024 жылы нысанда ішінара жөндеу жұмыстары жүргізіліп, тартан жабыны ауыстырылды.

Ал 2025 жылы жобалық-іздестіру жұмыстары орындалған. Қазіргі уақытта стадион «Тау» спорт клубы» балансына қарасты.

Сонымен қатар, алдағы мәслихат сессиясында стадионға күрделі жөндеу жүргізу үшін жобалық-сметалық құжаттама дайындауға бюджеттен қаржы бөлу туралы өтінім берілетіні белгілі болды. Бұл — спорттық инфрақұрылымды жақсарту мәселесі қарастырылып жатқанын білдіреді.

Осы аралықта стадион жұмысын жалғастырып жатыр. Ол әлі де спорт пен белсенді демалысты ұнататын тұрғындар үшін ең жиі баратын орындардың бірі болып қала беруде. Қала тұрғындары айтылған жоспарлар нақты іске асып, алдағы жылдары «Металлург» жаңа келбетке ие болады деп үміттенеді.