Балалар қауіпсіздігі — басты назарда
Теміртауда «Қауіпсіз терезе!» атты облыстық акция аяқталды. Ересектерге балалардың қауіпсіздігі үшін жауапкершілік еске салынды, сондай-ақ балалардың терезеден құлауына байланысты қайғылы жағдайлардың алдын алу жолдары түсіндірілді.
16-20 маусым аралығында Теміртауда Төтенше жағдайлар басқармасының ұйымдастыруымен «Қауіпсіз терезе!» облыстық акциясы өтті. Шараның мақсаты – тұрғын үйлердегі терезеден балалардың құлауын болдырмау және жаз мезгілінде балалар жарақатын азайту.
Мақсат Балтабеков, Теміртау қ. ТЖБ бастығының орынбасары: «17 маусымда мектепке дейінгі мекемелер мен мектеп жанындағы лагерьлерде балалармен интерактивті ойын түрінде алдын алу сабақтары өткізілді. Ата-аналармен әңгімелер жүргізіліп, ескертпе парақшалар таратылды және терезеге орнатылатын қауіпсіздік бекіткіштері көрсетілді. Барлығы 48 тәрбиеші, 137 ата-ана және 92 бала қамтылды. 18 маусымда ТЖБ қызметкерлері медицина мекемелерінде алдын алу жұмыстарын жүргізді».
16-20 маусым аралығында 45 көпқабатты тұрғын үйдің аулаларында асфальтқа «Ашық терезе — балаға қауіп!» деген жазулар салынды. Тұрғындармен профилактикалық әңгімелер өткізіліп, 342 адамға нұсқаулық беріліп, ескерту парақшалары таратылды.
Мақсат Балтабеков, Теміртау қ. ТЖБ бастығының орынбасары: «Басқарма қауіпсіздік шараларын еске салады және ата-аналарға кішкентай балаларды қараусыз қалдырмауға, бала терезе алдына шыға алмауы үшін, терезе маңындағы барлық жиһаздарды алшақ қоюға, терезелерге арнайы бекіткіштер орнатуға кеңес береді».
Қарағанды облысының ТЖД деректері бойынша, соңғы тоғыз жылда өңірде балалардың терезеден құлауына байланысты 187 оқиға тіркелген. Оның 19-ы өліммен аяқталса, тағы 168 бала ауыр жарақат алған. 2025 жылдың басынан бері облыста осындай 14 оқиға тіркеліп, екеуі қайғылы жағдаймен аяқталған. Теміртауда биыл екі оқиға тіркелген, ал 2024 жылы — бесеу.