Қазақстандықтардың мобильді аударымдары қыркүйектен бастап бақылауға алынады
Қыркүйек айынан бастап Қазақстан азаматтарының мобильді аударымдары бақылауға алынады.
Қазақстан Республикасының Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов мобильді аударымдарды бақылау жүйесінің қалай жұмыс істейтінін айтып берді.
Қыркүйектен бастап жаңа ережелер күшіне енеді, алайда олар туыстар мен достар арасындағы қарапайым аударымдарға қатысты емес. Бақылау үш критерий бойынша жүргізіледі. Біріншісі – жіберушілер саны. Екіншісі – жүйелілігі. Егер үш ай қатарынан бір адамға 100 адам ақша аударса. Үшіншісі – аударым сомасы: жалпы көлемі 1 миллион теңгеден асуы тиіс.
Ержан Біржанов, Қазақстан Республикасының Қаржы вице-министрі: «60 күн ішінде күшіне енуі тиіс. Бірінші критерий – 100 түрлі адам. Егер екі адам арасында, немесе он адам арасында аударымдар жүрсе бұл критерий сізге қатысты емес. Енді, егер 100 адам үш ай қатарынан бір адамға ақша аударатын болса – екінші критерий іске қосылады. Енді үшінші критерий – біз оны Ұлттық банкпен бірлесе қарастырып жатырмыз – жалпы сома 1 миллион теңгеден асуы керек».
Вице-министрдің айтуынша, бұл өзгерістердің басты мақсаты – қарапайым азаматтарды бақылау емес, жеке аударымдар арқылы жұмыс істейтін жасырын бизнесті анықтау.
TengriNews