Қазақстанда ағаш кесу үшін жауапкершілік күшейтілді


Қазақстанда енді жасыл желекке қол сұғу қымбатқа түседі. 5 шілдеден бастап ағаштар мен бұталарды заңсыз кесу үшін айтарлықтай айыппұл салынады.

5 шілдеден бастап жасыл желектерді қорғауға қатысты өзгерістер күшіне енеді. Енді ағаштар мен бұталарды заңсыз кескені немесе олардың қурап қалуына әкелген әрекеттер үшін әр өсімдікке 35 мыңнан 314 мың теңгеге дейін айыппұл төлеуге тура келеді.

Айыппұл сомасы өсімдіктің түрі мен жасына байланысты. Мысалы, қарағай, шырша немесе самырсынды кескені үшін 176 мың теңгеге дейін. Ал балқарағай үшін – 184 мың теңгеге дейін. Ең қымбат бағаланатындар – жеміс ағаштары, оларға келтірілген зиян үшін айыппұл 314 мың теңгеге дейін жетуі мүмкін. Бұталарды жойғаны үшін 153 мың теңгеге дейін айыппұл қарастырылған.

Айыппұлдар тек кесу үшін ғана емес, өсімдіктің жойылуына әкелетін кез келген әрекеттер үшін де салынады.