Теміртауда жаңа төселген асфальт бүлінді


Теміртау қаласындағы Республика көшесі, 138-үйдің тұрғындары редакциямызға шағымданып жүгінді. Олар аулада асфальттың бұзылғаны, коммуналдық мәселелер және жер қазу жұмыстарының салдарына наразы. Оқиға орнына түсірілім тобы барып қайтты.

Тоғжан Сағымбекова, тілші: «Біздің редакцияға наразы тұрғындар жүгінді. Республика, 138 мекенжайындағы аулада бар-жоғы екі жыл бұрын жаңа асфальт төселген еді, алайда биылғы жазда сол жол жамылғысынан ештеңе қалмаған».

Тұрғындардың айтуынша, қазба жұмыстары ешқандай ескерту жасалмай жүргізілген. Жұмысшылар жарық бағанасын зақымдап, бірнеше ағашты түбімен қопарып тастаған. Сонымен қатар, электр кабелін үзіп кеткен. Салдарынан тұрғындар бір күн бойы жарықсыз қалған.

Мәселе мұнымен бітпейді. Ауладағы жаяу жүргінші жолы бұзылып, ішінара топырақпен жабылған. Канализация жиі бітеледі. Тұрғындардың сөзінше, өзге үйлердің су шығару жүйесі рұқсатсыз ортақ кәрізге қосылған. Сол себепті, әрбір бітелу кезінде тұрғындар өз қаражаттарына техника жалдап, жөндеу жұмыстарын жүргізуге мәжбүр.

«Аква-Трейдинг» ЖШС бұл жағдайдан бас тартпайтынын айтты. Редакция сауалына берген ресми жауабында, мердігер ұйым биылғы 17 маусым күні №138 үйдің жанында кәріз желісін жөндеу жұмыстарын жүргізгенін растады.

Мекеме өкілдерінің мәліметінше, жұмыстар ағымдағы жөндеу аясында атқарылған және бақылау тікелей компанияның өз күшімен жүргізілген. Жол жабындысын қалпына келтіру жұмыстары 2025 жылдың 1 қазанына дейін, топырақ толық отырған соң жүзеге асырылатыны көрсетілген. Барлық шығынды компания өз есебінен жабады.

Сондай-ақ, екі ағаштың кесілуі туралы да айтылған. Бұл әкімдікпен келісілген, ал қазба жұмыстары жүргізілген аумақтан тыс ешқандай зақым болмағаны баяндалады. Мекеме жұмыстары толық аяқталған соң қалпына келтіру міндетті түрде орындалады және бұл мәселе бақылауда екенін жеткізген.