Теміртауда бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өтті
Жұмысшы мамандықтар жылы аясында Теміртауда жұмыссыз азаматтарға арналған бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өтті. Іс-шара тек жұмыс табуға емес, сондай-ақ жұмыс берушілер мен мамандармен тікелей тілдесуге мүмкіндік беретін ашық алаңға айналды.
Теміртау қалалық Жастар ресурстық орталығында Қарағанды облысының Еңбек мобильділігі орталығы мен Маңсап орталығының ұйымдастыруымен бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өтті. Мақсат — жұмыссыз азаматтарға еңбек нарығында өз орнын табуға, кеңес алуға көмектесу.
Нұржан СЫЗДЫҚОВ, Қарағанды облысы бойынша еңбек ұтқырлығы орталығының директоры: «Қандас ағайындарымызға да бұл жерде ақпараттық жұмыстар жүргізіліп жатыр. Прокуратура қызметкерлері шақырылған болатын. Басқа да мекемелер келіп, бүгінгі таңда жастарды, биыл бітірген түлектерді шақырып, жұмысқа орналасуына, уақытша жұмыс орындарына жіберуге бағытталған жәрмеңке өткізіліп жатыр».
Жәрмеңкеге Қарағанды облысының Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мамандары да қатысып, қандастарға жеке консультациялар өткізді. Олармен жұмысқа орналасу, әлеуметтік қолдау және бейімделу мәселелері талқыланды.
Алина Рязанова, жұмыс беруші: «Маңсап орталығымен біз ұзақ жылдан бері тығыз жұмыс істейміз, және осы жерден біз өз компаниямызға жақсы кадрлар табамыз. Диплом ғана емес, адамның жеке қасиеттері де маңызды. Ең бастысы – жауапкершілік. Адам жұмыс іздеп келсе, ол бұл үрдіске шын көңілмен, байыппен қарауы керек. Біз үшін ең маңыздысы — осы жауапкершілік».
Жәрмеңкеде әртүрлі саладан 31 жұмыс беруші өз вакансияларын ұсынды. Барлығы шамамен 300 бос жұмыс орны ұсынылды. Іс-шараға барлығы 157 адам қатысты. Нәтижесінде 30 адам тұрақты жұмысқа жолдама алды. Олардың ішінде 4-еуі — пробация қызметінде тіркеуде тұрғандар, тағы 4-еуі — этникалық қазақтар. Қазіргі таңда Enbek.kz порталында Теміртау бойынша 699 бос жұмыс орны қолжетімді.