Әкім халықпен кездесті


Теміртау қаласының әкімі Ғалым Ашимов тұрғындармен кездесті. Қалалықтар ең өзекті мәселелерін көтеріп, тек жауап қана емес, нақты шешім күтті.

Қалалық театр залында бұл жолы қала әкімдігінің халықпен алғашқы биылғы кездесуі өтіп жатыр. Мұндай шаралар Теміртау әкімдігінде жылына екі рет өткізілмек.

Ғалым Әшімов, Теміртау қаласының әкімі: «Өткен кездесудің нәтижесі бойынша, яғни 2024 жылдың қазан айында 44 ұсыныс түсіп, соның 43-і орындалды. Барлық сұрақтар бойынша түсініктеме берілді. Бүгін Теміртау қаласындағы 2025 жылғы алғашқы кездесуімізді өткізіп отырмыз. Бұған дейін Ақтау кентінің тұрғындарымен жолыққан болатынмын».

Алғашқы сұрақты Ескі қаланың тұрғыны қойды. Оны Энергетиктер мәдениет үйінің тағдыры мен балалардың бос уақытын тиімді өткізуге жағдайдың жоқтығы алаңдатады.

Әкімнің айтуынша, ғимаратты қайта қалпына келтіру жобасы сараптамадан өткен. Алайда әзірге бұл мақсатқа 1,4 миллиард теңге қаржы қарастырылмаған. Сонымен қатар, осы ауданда балабақша құрылысы туралы сұрақ та көтерілді.

Ғалым Әшімов, Теміртау қаласының әкімі: «300 орындық балабақша жобасы “КарМет” компаниясына берілген. Қазіргі таңда келіссөздер жүргізілуде. Құрылыстың басталуы 2026 жылдан ерте болмайды. Егер бастамаса — қала балансына өтеді, және біз оны бюджет есебінен салып береміз».

Кездесуде тұрғындар тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, білім беру және инфрақұрылым мәселелерін де көтерді. Мектеп жөндеу жұмыстары, кәріз жүйесі, аяқжолдардың болмауы мен тозған электр желілері – басты шағымдар қатарында болды.

Компания өкілдері бұл мәселені 15 шілдеге дейін шешуге уәде берді. Ал әкім жыл соңына дейін қалада толықтай сумен қамтуды қамтамасыз етуді тапсырды. Коммуналдық мекемелерге жауапкершіліктен жалтармауды ескертті.

Ғалым Әшімов, Теміртау қаласының әкімі: «Сіздер бұл желілерді қызмет көрсетуге алдыңыздар ма — онда міндеттеріңізді орындаңыздар. Қажет болса, басқа қалалардан қосымша техника тартамыз. Бірақ бұл мәселені шешу керек!»

Кейбір сұрақтар бойынша тұрғындар нақты жауаптар мен уәделер алды. Басқа мәселелер – қарау мерзімі мен жауапты тұлғалар белгіленіп, бақылауға алынды.