Мағыналы ертегі


Теміртау қаласындағы балалар мен жасөспірімдер театры жаңа қойылымды — «Мыстан. Төрт қауырсын» атты интерактивті ертегіні көркемдік кеңесте сәтті қорғап шықты. Қойылым тек көңіл көтеріп қана қоймай, тәрбиелік мәнге де ие.

Теміртау қаласындағы балалар мен жасөспірімдер театрында «Мыстан», «Төрт қауырсын», «Бәйтерек» атты интерактивті ертегінің тұсаукесері өтті. Қойылымның негізінде қазақ халқының дәстүрлі құндылықтары мен мәдени бейнелері жатыр.

Айдын Салбанов, балалар мен жасөспірімдерге арналған театрдың режиссері: «Бұл ертегі танымдық сипатқа ие. Мұнда балалар Қазақстанның барлық өңірлерін — оңтүстік, батыс, солтүстік, шығыс және орталық аймақтарын көре алады. Атауда «Бәйтерек» сөзі кездейсоқ алынған жоқ — бұл Астанадағы өзіміздің Бәйтерек. Бұл Самұрықтың ұясы, жақсылық пен махаббаттың ағашы. Төрт қауырсыннан төрт бала дүниеге келеді — шыдам (шыдамдылық), ақыл (ақылдылық), қайсар (батырлық), мейірім (мейірімділік). Бұл — төрт адамдық қасиет туралы ертегі. Адам осы қасиеттердің барлығына ие болса, ол — толыққанды тұлға деп есептеймін. Біз осы құндылықтарды балалардың бойына сіңіруді қалаймыз және болашақта да солай істейтін боламыз».

Режиссёрдің айтуынша, қойылымның басты бағасы — балалардың реакциясы. Сондықтан интерактивке, музыкаға және көрерменмен тікелей қарым-қатынасқа басымдық берілген.

Роман Гужель, балалар мен жасөспірімдер театрының актері: «Мен бұл қойылымда мыстан кемпірді ойнаймын — бұл ерекше рөл. Қойылым өте шапшаң, қызықты әрі қазақ халқының барлық дәстүрлерін сақтай отырып жасалған. Ертегінің өзі де жақсылықтың бірлесіп зұлымдықты жеңетіні, туған-туыстың әрдайым қолдау көрсететіні жайлы. Бұл спектакльдің негізгі идеясы. Қойылым өте музыкалық, менің ойымша, көрермендердің есінде ерекше қалатыны сөзсіз».

Интерактивті ертегінің премьерасы көпшілікке 36-шы театр маусымының басында ұсынылады.