Журналистер кәсіби мерекелерімен құттықталды


Күн сайын оқиғаларды назарда ұстап, кадр алдында да, артында да қажырлы еңбек етіп, сіздерді әрдайым хабардар етіп отырады. Теміртауда журналистердің еңбегі аталып өтті – қаланың әкімі атынан құрмет грамоталары мен алғыс хаттар табыс етілді.

Бүгін Теміртау қаласы әкімдігінде қалалық және облыстық ақпарат құралдарының өкілдері бас қосып, салтанатты марапаттау рәсімі өтті. Журналистерге қала өмірін жан-жақты әрі шынайы көрсету, қоғамдағы өзекті мәселелерге белсенді араласқаны және жоғары кәсіби шеберлігі үшін қала әкімінің атынан арнайы марапаттар берілді.

Самат Зияшев, Теміртау қаласы әкімінің орынбасары: «Біздің өңірімізде ғана емес, жалпы бүкіл елде өте маңызды рөл атқарасыздар. Біз әрқашан сіздермен тығыз байланыстамыз, сондықтан сіздердің еңбектеріңіз үшін алғыс білдіргім келеді».

Іс-шараға Теміртаудан ғана емес, сондай-ақ облыстан келген тілшілер мен медиа мамандар қатысты. Салтанатты жағдайда БАҚ өкілдері өңір тұрғындарын маңызды оқиғалар, әлеуметтік бастамалар мен жергілікті биліктің маңызды шешімдері туралы жедел хабардар етіп жүргені үшін лайықты марапаттарға ие болды.

Нұрлыхан Қалқаманұлы, «Теміртау тынысы» газетінің бас редакторы: «Негізгі мақсатымыз — жұмысымыз арқылы Теміртаудың тынысын көрсету, өңірдің жаңалықтарын халыққа жеткізу. Осы бағытта жасап жатқан еңбегіміздің ескеріліп, әкімдік тарапынан марапат ұсынылып жатқанына үлкен алғысымызды білдіреміз. Мемлекет басшысы айтып өткендей, БАҚ саласының дамуы, оның ішінде газет саласының өркендеуі — өте маңызды мәселе».

Арман Абылхасымов, «247media.kz» ақпараттық агенттігінің бас редакторы: «Теміртау қаласында сауатты ақпарат тарататын телеарналар, газеттер мен сайттардың болғаны қуантады. Оның ішінде қазақ тілді ақпараттың дамып жатқаны — біз үшін ерекше қуантарлық жайт. Ал әкімдік тарапынан берілетін мұндай марапаттар бізге қолдау көрсетіп, ынталандырып отырады».

Сондай-ақ, «Алтын сұңқар» атты облыстық байқауда үздік шыққан «Вечерняя газета» тілшісі Светлана Лебедева құрмет грамотасымен марапатталды. Ол он төрт жылдан бері Теміртаудағы жаңалықтарды жариялап келеді және оқырман мен әріптестерінің үлкен құрметіне ие.

Светлана Лебедева, «Вечерняя газета» тілшісі: «„Алтын сұңқар“ – мен үшін биылғы алғашқы облыстық марапат. Мен оны 2013 жылдан бері алуға ұмтылып келемін. Ол кезде мен фотограф болдым. Сол кездің өзінде бұл марапатқа қол жеткізуді армандадым. Биыл, міне, сол арман орындалды. Әлеуметтік тақырыпты үздік жариялағаным үшін алғаным – ерекше қуаныш. Себебі бұл номинация – ең тартысты, оған жыл сайын көп өтінім түседі».

«ТТК» телеарнасының ұжымы атынан барша әріптестерімізді кәсіби мерекемен шын жүректен құттықтаймыз! Мықты денсаулық, шығармашылық табыс, қызықты репортаждар, ризашылыққа толы көрермен және жаңа жетістіктер тілейміз!