Жарты миллиардтық саябақ: құр сөз бен құр алаң


Теміртауда соңғы үш жылда саябақ салуға 423 миллион теңге бөлінді. Бірақ нәтиже жоқ. Алаң бос жатыр, ал ақша — игерілген. Жергілікті билік пен мердігер бір-біріне сілтеп, жауапкершіліктен жалтарып отыр. Есесіне саябаққа жете алмайтын тұрғындар «дабыл қағып», ал депутаттар кінәлі болып шығып жатыр.

Теміртауда көптен күткен саябақ құрылысы тағы да тоқтап тұр. Қала бюджетінен 423,5 миллион теңге бөлінген. Жобаны жүзеге асыруға елордалық «ИКАС» компаниясы жауапты болған. Қазір сот процесі жүріп жатыр, бірақ саябақ сол күйі жоқ. Объект тұрғындарға әлі тапсырылмағандықтан, барлық жауапкершілік мердігер компанияға тиесілі. Бірақ ол жауап бермек түгілі, байланысқа шықпай отыр.

Мұндай жағдайда қала тұрғындары белсенділік танытады деп ойларсыз. Алайда, ең қатты наразы болып жүрген – Ирина Лобода.

Ал осы ауданның нақты тұрғындары үнсіз. Бірақ кейбір жергілікті белсенділер, нақты жауапты органдар — әкімдік пен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі бола тұра, бар ашуын депутатқа бағыттауда. Бұл — көптен таныс схема: нақты шешімді талап ету қиын, ал хайп пен айғай – оңай.

Бұл жағдай ақпараттық шоуға айналып барады. Тағы бір қызығы — жанжалға араласқандардың қатарында Теміртау қалалық қоғамдық кеңесінің мүшесі де бар. Алайда, бұл адамның нақты қандай игі іс атқарғанын тұрғындар әлі күнге дейін білмейді. Ол бұл кеңеске қалай кірді? Қандай жұмыс істейді? Жалпы қоғамдық кеңес не істеп жүр? Бұл сұрақтарға біздің редакция алдағы уақытта жауап іздейді.