Жаңа желілер — үйлерге жарық


Теміртауда электрмен жабдықтау желілерінің құрылысы жалғасуда. Қалада бір уақытта төрт ірі жоба жүзеге асырылып жатыр. Мақсат — тұрғындарды тұрақты электр қуатымен қамтамасыз ету.

Қалада электр желілерін тарту бойынша төрт жоба қатар атқарылуда. Бұл жұмыстар энергиямен жабдықтауды жақсартуға және жарық өшуін азайтуға бағытталған.

Нуркен Абельдинов, құрылыс бөлімінің сектор меңгерушісі: «Қазір төрт жобаның құрылысы жүріп жатыр. Біріншісі – №19 мектеп маңындағы “Оңтүстік” қосалқы станциясы. Екіншісі – Қарағанды көшесімен өтетін АБВ кварталындағы әуе желілері. Үшіншісі – “Оңтүстік” станциясынан 5-шағынаудандағы үш тарату пунктіне дейінгі желілер. Олар — “Меруерт” мейрамханасы мен Металлургтер мәдениет сарайы маңында орналасқан. Төртінші жоба – оң жағалаудағы орталық тарату пункті. Бір жоба аяқталуға жақын, қалғандары белсенді түрде жүргізілуде».

Маңызды учаскелердің бірі — Теміртау және Чернышевский көшелерінде орналасқан. Мұнда “Альфа Строй” компаниясы жұмыс жүргізіп жатыр. Қиын жағдайларға қарамастан, жұмыс кестеге сай жүріп жатыр.

Кайрат Раисов, “Альфа Строй” фирмасының учаске бастығы: «Теміртау көшесінен Бейбітшілік көшесіне дейінгі аралықта желі тартып жатырмыз. Жердің батпақты болуына байланысты жерасты кабелі орнына әуе желісіне ауыстырдық. Чернышевский көшесінде траншея қазылып жатыр».

Бұл жобалар іске қосылған соң, 3, 4, 5, 6-шағынаудандар мен №19 мектеп аудандарында электр желісіне түсетін жүктеме азаяды. Теміртауда жарықтың жиі өшуі — өткеннің еншісінде қалуы тиіс.