Теміртаудағы концертте 59 бала адасып кетті
Теміртауда Металлург күніне орай өткен ауқымды концерт кезінде полиция қызметкерлері мерекелік қарбаласта жоғалып кеткен 59 баланы ата-аналарына аман-есен табыстады.
Шара қала орталығындағы алаңда өтті. Концертке облыстың әр өңірінен 35 мыңнан астам адам жиналды. Қоғамдық тәртіп пен тұрғындардың қауіпсіздігін Қарағанды облыстық полиция департаментінің қызметкерлері қамтамасыз етті. Жағдайды бақылау үшін дрондар мен бейнебақылау камералары пайдаланылды. Бұл кез келген оқиғаға жедел әрекет етуге мүмкіндік берді.