Теміртауда мұғалімдердің жыл сайынғы тамыз кеңесі өтті


Теміртауда «Білім келешегі: Адал азамат – кәсіби маман» тақырыбымен мұғалімдердің тамыз кеңесі өтті. Форум жаңа оқу жылының міндеттерін айқындап, қорытынды жасау алаңына айналды.

 

Бүгінде қалада 36 мектепке дейінгі ұйым мен 31 мектеп жұмыс істейді, онда 23 мыңнан астам оқушы білім алуда. Биыл алғаш рет 2 мыңнан аса бүлдіршін 1-сыныптың партасына отырады. Түлектердің қатарында «Алтын белгі» иеленген 28 мектеп бітіруші және мемлекеттік грантпен оқуға түскен 200-ден астам жас бар. Ерекше назар инклюзивті білімге, цифрландыруға және жасанды интеллект элементтерін енгізуге аударылып отыр.

2025 жылы Теміртауда білім беру саласын дамытуға 1 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді. Қаражат мектептерді жөндеуге, кабинеттерді жаңартуға және абаттандыруға бағытталды. Қаланың мектептерінде кәсіби бағдар, экология және цифрлық даму бағытындағы жобалар жүзеге асырылуда: «Агро-класс», «Медицинаға қадам», «Эко-мектеп», «Digital-математика», «Creative Digital» және 1-сыныптан бастап шахмат үйрету.  Негізгі мақсат – «Адал азамат» бағдарламасы аясында білімді әрі адал ұрпақ тәрбиелеу. Бұл жолда ерекше жетістікке жеткен ұстаздардың еңбегі шара соңында атап өтілді.