Жасыл аймақтар: Теміртауда табиғатқа ұқыпты қарауға үйретуде
Қаламыздағы №16 жалпы білім беретін мектепте Жоғары политехникалық колледж студенттеріне арналған экологиялық тренинг пен экскурсия өтті. Іс-шара «Таза Қазақстан» республикалық қозғалысы аясында ұйымдастырылып, оқушылар мен студенттердің экологиялық мәдениетін дамытуға бағытталды.
Елена Варганова, №16 жалпы білім беретін мектептің экология пәні мұғалімі: «Таза Қазақстан» республикалық қозғалысы аясында біз экологиялық мәдениетті дамыту ісін жалғастырып келеміз. Қалай экологиялық өмір сүру керек, еліміздің көгеріп, тазара түсуі үшін не істеу қажет – міне, біз соны түсіндіреміз. Ең бастысы – тек көрсетіп қана қою емес, қарапайым тәсілдер мен әдістерді үйрету. Олар арқылы ағаш отырғызуға, өз бөлмеңді жасылдандыруға немесе аулаңды табиғи әрі экологиялық аймаққа айналдыруға болады».
Тренингке қатысушылар өсімдіктерді қалемшеден өсіруді, оларды отырғызу мен күтіп-баптауды тәжірибе жүзінде үйренді. Сондай-ақ ағаш түрлерін дұрыс ажырату және олардың өсу ерекшеліктерін түсіну мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Елена Варганова, №16 жалпы білім беретін мектептің экология пәні мұғалімі: «Бүгін біз өсімдіктерді қалемшеден қалай өсіруге болатынын қарастырдық. Яғни бұл бөлме өсімдігі болсын, гүл, қылқанжапырақты немесе жапырақты ағаш болсын – кез келген өсімдікті қалемшеден өсіруге болады. Мұны жасау қиын емес, өте оңай. Келесі қадам – өсімдіктерді қалай қайта отырғызуға болатынын, олардың тірі, сау және әдемі болып өсуі үшін қандай күтім тәсілдері бар екенін үйрендік. Ең бастысы – өсімдіктердің ересек түрін көрсету, қарағай мен шыршаны, самырсын мен балқарағайды бір-бірінен ажыратуды үйрету».
Мұндай экологиялық сабақтар тұрақты түрде өткізіліп тұрады және оқушыларды, студенттер мен ұстаздарды біріктіреді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, экологиялық мәдениетті қалыптастыру бала кезден басталуы қажет.
Елена Варганова, №16 жалпы білім беретін мектептің экология пәні мұғалімі: «Сондықтан біздің басты міндетіміз – тек ағаш отырғызу ғана емес, ең маңыздысы – табиғат жаратқан осы әлемге зиян келтірмеу, оны кеспеу, бүлдірмеу. Бұл жүйелі жұмыс, ол колледж және университет студенттерімен, сондай-ақ мектеп оқушыларымен бірлесе жүргізілуде. «Таза Қазақстан» бағдарламасы мен еліміздегі экологиялық мәдениетті дамыту жобасы 2029 жылға дейін жалғасады, сондықтан сол уақытқа дейін ересектерді де, балалар мен жасөспірімдерді де барынша қамту – басты мақсатымыз».
«Жасыл аймақтар» экологиялық тренингі табиғатқа ұқыпты қарау мәдениетін қалыптастыру жолындағы тағы бір қадам болды. Ұстаздардың айтуынша, Қазақстанды таза әрі жасыл елге айналдыру – тек бірлескен күш-жігердің нәтижесінде мүмкін.