Қар жауған алғашқы тәулікте 5 жол апаты тіркелді
Ауа райының күрт өзгеруіне байланысты бір тәуліктің ішінде қалада бірнеше жол-көлік оқиғасы орын алды.
Қар мен төмен температура жолдарды тайғақ етті. Теміртаулық көптеген жүргізушілер қысқы жүру тәртібіне бейімделіп үлгермей, жол-көлік оқиғаларының көбеюіне себеп болды.
Нұрбек Заманбеков, Теміртау қ. ПБ жол-патрульдік полиция батальоны командирінің орынбасары, полиция капитаны: «Өткен тәулікте ауа райының өзгеруіне байланысты Теміртау қаласында бес жол-көлік оқиғасы тіркелді. Абырой болғанда, зардап шеккендер жоқ. Көп жағдайда оқиғалар жүргізушілердің жылдамдық тәртібін, көлік арақашықтығын сақтамауы және қауіпті қозғалыс жасау кезінде жіберілген қателіктер салдарынан болады. Жүргізушілерге жылдамдық ескертулерін сақтау, жолда барынша мұқият болу және жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтау қажет екенін ескертеміз».
Полиция қызметкерлері жүргізушілермен тұрақты түрде алдын алу шараларын өткізіп, түсіндіру науқандары мен бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланымдар ұйымдастырады. Мұның барлығы қауіпсіз жүру мәдениетін қалыптастыруға бағытталған. «Қауіпсіз жол» сияқты республикалық науқандар аясында полиция қызметкерлері бейнебақылау камераларын және патрульдік экипаждарды пайдалана отырып, рейдтер өткізеді. Тәртіп сақшылары әсіресе қыстың алғашқы күндерінде жолда барынша абай болуға шақырады. Уақытылы қысқы дөңгелекке ауысып, рульде мұқият болу – жолдағы келеңсіз жағдайлардың алдын алуға көмектеседі.