Отан қорғаушылар спартакиадасы
Құрмет, күш пен командалық рух – Теміртауда күштік құрылымдар арасында жыл сайынғы спартакиада өтті. Жарыс Отан қорғаушы күні мен Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына арналды. Толығырақ келесі сюжетімізде.
6-7 мамыр күндері «Металлург» стадионында қаламыздың күштік құрылымдары арасында дәстүрлі Спартакиада өтті. Спорттық шара Отан қорғаушы күні мен Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналды.
Самат Зияшев, Теміртау қаласы әкімінің орынбасары: «Құқық қорғау органдарының спортқа белсенді қатысып жүргені қуантарлық жағдай. Біз жүлделі орындарға ақшалай сыйлықтар, медальдар мен кубоктар дайындадық».
Жарысқа құқық қорғау органдары мен басқа да күштік құрылымдардың 150-ден астам өкілі қатысты. Ойын түрлерінен 8 команда бақ сынады. Қатысушылар 100 метрге жүгіру, арқан тарту, гір көтеру және футбол сынды төрт бағыт бойынша күш-жігерін, төзімділік пен командалық рухты көрсетті.
Алексей Лутошкин, Спартакиада қатысушысы, Теміртау қ. ПБ қызметкері: «Мен гір көтеру бойынша 85+ салмақ дәрежесінде бірінші орынды иелендім. Бізде жаттығулар үнемі кесте бойынша өтеді. Арнайы дайындық болмағанымен, біз әрдайым дайынбыз».
Мұндай жарыстар жақсы дәстүрге айналды. Олар жыл сайын күштік құрылымдардың үздіктерін біріктіріп, жеңіске деген ұмтылысты, жолдастықты нығайтып, қызметке деген құрметті тәрбиелейді.
Нұрмұхамед Интуев, Теміртау қ. ТЖБ бастығы: «Жалпы, жыл бойы құқық қорғау органдары мен күштік құрылымдар арасында осындай жарыстар өткізіліп тұрады. Мұндай шараларды ұйымдастырғаны үшін дене шынықтыру және спорт бөліміне алғысымды білдіремін».
Ұйымдастырушылардың айтуынша, Спартакиада – бұл тек спорт емес, сонымен қатар патриотизмнің, борышқа адалдық пен елге деген мақтаныштың көрінісі. Жарыс күндері бойы бірлік, қолдау мен нағыз жауынгерлік рухтың атмосферасы орнады.
Игорь Лим, Теміртау қаласы әкімдігі жанындағы дене шынықтыру және спорт секторының меңгерушісі: «Бұл жарыстар құрылымдар арасындағы өзара қарым-қатынасты жақсартып, жақсы көңіл күй мен мотивация береді. Баршаңызды алда келе жатқан мерекелермен құттықтаймын».
Барлық қатысушылар жағымды әсер алды, ал жеңімпаздар лайықты марапаттарға ие болды. Спартакиада тағы да дәлелдеді: құрмет, күш пен бірлік – әрбір Отан қорғаушысының жүрегінде.
Комментарии