Көрермен жыламай қоймайды
Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай Теміртаудың балалар мен жасөспірімдер театры сахнасында «Сүйіктім, тек соғыс болмасын» атты музыкалық-поэзиялық композицияның премьерасы өтті. Әр рөл арқылы актерлер рухтың күшін, бейбіт аспан үшін халықтың қандай ауыр құрбандықтар шеккенін еске салды.
Теміртаудың жасөспірімдер театрында Ұлы Отан соғысы батырларының рухына өнер арқылы тағзым етілді. Сахнада – «Мой милый, лишь бы не было войны» спектаклі. Премьера 10 және 11 мамырда өтті. Театрдың жаңа маусымының басында, яғни күзде, бұл қойылым жылдық репертуарға енеді.
Олег Керимов, актер-режиссер: «Бұл спектакль соғыс жылдарындағы өлеңдерден, әндерден және белгілі фильмдердің үзінділерінен құралған. Жалпы, бұл – бір аулада тұратын адамдардың 1941 жылдан 1945 жылға дейінгі тағдыры туралы хикая. соғысқа аттанғандардың бәрі үйлеріне оралған жоқ. Қойылым осы жайында».
Теміртаудың балалар мен жасөспірімдер театрының актері Никита Колесов бұл қойылымның өзі үшін ерекше әсерлі екенін айтады.
Никита Колесов, актер: «Ең алдымен моральдық, эмоционалдық тұрғыдан өте қиын. Өйткені соғыс бүгінгі күнге дейін жеткен барлық дерлік отбасыларға әсер етті – біздің аталарымыз, арғы аталарымыз қатысқан. Кейде тамағыңа өксік тығылатын драмалық сәттер болады, міне, сол кезде кәсібилік керек – өзіңді ұстау үшін».
Ұлы Жеңіс күні қарсаңында шырқалған соғыс жылдарындағы әндер әр жүрекке ерекше әсер етеді. бұл музыкалық-поэзиялық қойылым көрермен үшін жай ғана кезекті премьера емес, театр ұжымының халқымыздың Жеңіс жолындағы ерлігін мәңгі есте қалдыруға бағытталған шынайы шығармашылық шабытынан туған ерекше туынды.
Комментарии