fbpx

Теміртауда маса улайды ма?


Күн жылынған сайын теміртаулықтарды «дезинсекция жүргізіле ме?» деген сұрақ жиі мазалайды. Бұл сұраққа Теміртау қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімі жауап берді.

Жылы маусым басталып, тұрғындар арасында масалар мен зиянкестерге қарсы күрес мәселесі жиі көтеріле бастады. Теміртау қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімі мәлімдегендей, қалада маусымдық дезинсекция жүргізу жоспарда бар. Өңдеу жұмыстарына негізінен қоғамдық орындар енген. Алайда жұмыстардың басталуы сәл кешігуде.

Арғынғазы Қуанышев, ТҮКШ бөлімі басшысының орынбасары: «Бүгінгі күні бұл жұмыстарға байланысты мемлекеттік сатып алулар өткізілмегендіктен, қайта конкурс жарияланды. Қазіргі уақытта мемлекеттік сатып алу туралы заң аясында процедуралар жүргізілуде».

Дезинсекциялық өңдеу жұмыстары үш кезеңмен жүргізіледі, жалпы көлемі — 5,2 гектар. Өңдеу жүргізілетін аумақтар қатарына: «Шығыс» балалар саябағы, қаланың ескі бөлігіндегі демалыс саябағы, Металлургтер монументі жанындағы балалар алаңы, сондай-ақ бірнеше иесіз жатқан су қоймалары — Чкалов ауылы маңындағы, 55524 әскери бөлімінің жанындағы және 17-шақырым ауданындағы екі су қоймасы кіреді.

ТҮКШ бөлімінде атап өткендей, барлық заңнамалық процедуралар аяқталған соң, мердігер ұйым қысқа мерзімде анықталып, барлық нысандар толық көлемде өңделеді.

Комментарии

Ответить

Вы должны войти, если хотите оставить комментарий.

Войти с помощью: