Граффитиға қарсы
Теміртауда волонтёрлері рұқсатсыз жазулар мен суреттерді өшіріп, қабырғаларды тазалады. «Стоп граффити» акциясы Тищенко және Чайковский көшелерінің аумағында өтті.
12 мамыр күні Теміртауда кезекті «Стоп граффити» акциясы ұйымдастырылды. «Шаңырақ» волонтёрлік орталығы мен қалалық Жастар ресурстық орталығының еріктілері Тищенко мен Чайковский көшелеріндегі заңсыз жазулар мен суреттерді бояп тастады.
Руслан Қожекенов, «Теміртау қаласының Жастар ресурстық орталығы» КММ директоры: «Біз осы акцияны әр ай сайын ұйымдастырып тұрамыз. Бізбен әрдайым полиция басқармасы және белсенді жастар, еріктілер қатысып тұрады. Бүгінгі осы іс-шараға оннан жуық волонтёр шығып отыр».
Волонтёрлердің күш-жігерінің нәтижесінде ондаған нысан граффитиден тазартылды. Бұл — қоғамдық кеңістіктердің тазалығы мен көріктілігіне қосылған үлес қана емес, сонымен қатар есірткі заттарының таралуына қарсы күрестегі маңызды қадам болды.
Мекен Нағызбек, «Шаңырақ» ВО еріктісі: «Менің осы акцияға қатысу себебім – қаламызда және үйлердің аулаларында тыйым салынған жазулардың көбеюі. Бұл жоба арқылы біз тыйым салынған жазуларды бояп қана қоймай, адамдардың денсаулығын сақтап қалуға атсалысамыз».
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай бастамалар жастар арасында туған жеріне деген жауапкершілік пен белсенділік сезімін қалыптастырады.
Комментарии