Теміртауда тұрмыстық зорлық-зомбылықтан қорғау бөлімі ашылды
Тұрмыстық зорлық-зомбылық — жүйелі шешімді қажет ететін өзекті мәселе. Наурыз айынан бастап Теміртауда зардап шеккендерге көмек көрсететін және алдын алу шараларын жүргізетін арнайы полиция бөлімі жұмыс істейді. Толығырақ келесі сюжетті көріңіздер.
Теміртауда әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғауға арналған мамандандырылған бөлім жұмыс істейді. Бұл бөлім полиция басқармасының ғимаратында орналасқан және құқық қорғау органдарымен, әлеуметтік қызметтермен тығыз байланыста жұмыс істейді.
Балауса Асанова, Теміртау қ. ПБ ЖПҚБ отбасылық тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бөлімшесінің аға инспекторы: «Осы бөлімшенің негізгі мақсаты — отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу, жолын кесу және оның қайталануын болдырмау. Бұл тек әйелдерге қатысты емес, сондай-ақ кәмелетке толмаған балаларға қатысты жасалатын қылмыстардың алдын алу және профилактика жүргізу болып табылады».
Бөлімге кез келген азамат жүгіне алады — тек әйелдер ғана емес, ер адамдар мен отбасында зорлық-зомбылық қаупі немесе фактісі туындаған балалар да көмек сұрай алады. Көмек көрсету тәртібі — кеңес беру, түсініктеме алу, зардап шеккендердің құқықтарын қорғау, қажет болған жағдайда дағдарыс орталықтарына бағыттау және заңгерлік қолдауды қамтиды.
Алдын алу жұмыстары да назардан тыс қалмайды — бөлім қызметкерлері үнемі кездесулер, дәрістер, профилактикалық рейдтер мен ақпараттық акциялар өткізеді.
Балауса Асанова, Теміртау қ. ПБ ЖПҚБ отбасылық тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бөлімшесінің аға инспекторы: «Егер сіз зорлық-зомбылықтың құрбаны немесе куәгері болсаңыз, Мичурина көшесі, 8а мекенжайына келіп, хабарлама қалдырып немесе 102 нөміріне, не болмаса біздің кезекші бөлімнің 98-47-55 нөміріне хабарласып, көмек сұрауыңызға болады».
Бөлім ашылғаннан бері оған 5 азамат жүгінген. Әрбір жағдай бойынша жеке жұмыс жүргізілуде. Полиция өкілдерінің айтуынша, басты мақсат — зорлық-зомбылыққа тек жауап беру ғана емес, оны болдырмау.
Комментарии