fbpx

Шексіз мүмкіндіктері бар спортшылар


Теміртаулық спортшылар жаттықтырушы Ярослава Косулинаның жетекшілігімен мүмкіндігі шектеулі жандар арасындағы Қарағанды облыстық сегізінші спартакиадада жоғары нәтиже көрсетті.

Теміртаудан келген мүмкіндігі шектеулі спортшылар өздерін тағы да жоғары деңгейде көрсетті. Олар Қарағанды қаласындағы «Жастар» спорт кешенінде өткен сегізінші облыстық спартакиадаға қатысты.

Елена Фархутдинова, спартакиаданың бас төрешісі: «Біздің спартакиадамыз сегізінші рет өтіп жатыр. Оны дәстүрлі деуге болады. Бүгінгі таңда бес спорт түрінен 170 қатысушы бар».

Спартакиада аясында жеңіл атлетиканың жекелеген түрлері, үстел теннисі, мини-футбол, дойбы және тоғызқұмалақ бойынша жарыстар өтті. Теміртаулық қатысушылар Ярослава Косулинаның жетекшілігімен өнер көрсетті. Ол бұл жарыстардың спортшылар үшін тек жарыс емес, нағыз мереке екенін атап өтті.

Ярослава Косулина, Теміртау командасының жаттықтырушысы: «Біздің қаламыз, спорт бөлімі бізге спорттық іс-шараларды ұйымдастыруда барынша қолдау көрсетіп келеді. Бүгін біз жыл бойы дайындалып, түрлі жарыстарға қатысқан белсенді спортшыларымызды жинап отырмыз. Бүгін біз сол үздіктерді іріктеп алып, осы спартакиадаға алып келдік».

Жарыста жақсы нәтиже көрсеткен спортшылар алдағы республикалық паралимпиадалық сайыстарға қатысады. Ұйымдастырушылар мұндай іс-шаралар мүмкіндігі шектеулі спортшылардың шеберлігін шыңдауға және спорттық резервті қалыптастыруға үлкен септігін тигізетінін айтады.

Жанна Бакенова, спартакиада қатысушысы: «Мен 100 және 200 метрге жүгіруге қатыстым, сонымен қатар ядро лақтыру сайысына да қатысамын. Ән айтып, би билегенді жақсы көремін. Біздің бөлімде айналысатын көптеген бағыттар бар. Біз спортпен де, би өнерімен де, қолөнермен де шұғылданамыз. Тіпті бассейнде де жаттығамыз. Бізге осындай мүмкіндік беріп отырған жетекшіміз Ярослава Леонидовна Косулинаға және мүмкіндігі шектеулі жандармен жұмыс істейтін бөлімге алғысымды білдіремін».

Спартакиада жеңімпаздары кубоктармен, медальдармен және грамоталармен марапатталды. Теміртау құрамасы 12 қатысушының ішінде жалпыкомандалық есепте екінші орынды иеленді.

Комментарии

Ответить

Вы должны войти, если хотите оставить комментарий.

Войти с помощью: