fbpx

Жанның әуені


Ғ. Жұбанова атындағы балалар өнер мектебінде Лариса Васильевна Дашевская мен Дина Павловна Псоманың шығармашылық кеші өтті.

Музыка – бұл шыдамдылықты, адалдықты және сүйіспеншілікті талап ететін өнер. Осы қасиеттердің бәрі Ғ. Жұбанова атындағы балалар өнер мектебінің скрипка пәнінің мұғалімі Дина Павловна Псомаға тән. Дина Павловна өзінің музыкалық жолын бала кезінен бастаған. Музыкалық әлемдегі алғашқы қадамдарын Роза Яковлевна Рубигтің мейірімді жетекшілігімен жасаған.

Дина Псома, скрипка пәнінің мұғалімі: «Мұғалім ретінде, әрине, қобалжыдым. Себебі үйрете білу керек. Әуелде қиын болды».

Дина Павловна үшін ең үлкен жетістік – жеке жеңістері емес, оқушыларының жетістігі.

Дина Псома, скрипка пәнінің мұғалімі: «Менің оқушыларым қазір ересек, Қарағандыда, Сочиде, Астанада оркестрде ойнайды. Бір оқушым Қарағандыдағы интернатта оқиды. Бұлар – менің жұлдызды балаларым».

Дина Павловна бұл мамандық әрқашан қызық және әрдайым жаңалыққа толы дейді.

Лариса Васильевна Дашевская педагогикалық қызметін 1974 жылы №2 балалар музыка мектебінде скрипка сыныбынан бастаған. 1980 жылдан бастап ішекті аспаптар бөлімінің меңгерушісі болды. 1994 жылдан 2013 жылға дейін оқу-әдістемелік істер жөніндегі директордың орынбасары қызметін атқарды, ал 2013 жылдан бастап Ғ. Жұбанова атындағы балалар өнер мектебінде скрипка пәнінің мұғалімі болып еңбек етіп келеді. Қай жерде жұмыс істесе де, скрипкаға және оқушыларына деген махаббат әрқашан бірге жүрді.

Лариса Дашевская скрипка пәнінің мұғалімі: «Ең қиыны әрі қуаныштысы – оқушылар кетсе де, олар мектепті, осында өткізген уақыттарын, өздерін оқытқан мұғалімдерді ұмытпай, алғыс білдіріп тұрады».

Педагогикалық тәжірибесіне сүйене отырып, Лариса Васильевна балаларға музыкаға деген сүйіспеншілікті сіңіру үшін мұғалімде көптеген қасиеттер болу керек дейді.

Лариса Дашевская скрипка пәнінің мұғалімі: «Балалармен жұмыс істеу – оңай шаруа емес. Өзіңді ұстай білуің керек, әр балаға жол таба білу қажет. Баршаңызға осы мамандықта шығармашылық табыс тілеймін!»

«Жан үндестігі» сияқты шығармашылық кештерді өнер мектебінің директоры Инна Анатольевна Тихомирова қолдап келеді. Бұл бастаманы ұжым да, оқушылар да, түлектер де қолдайды.

Инна Тихомирова, мектеп директоры: «Бүгін өте көп адам жиналды, көп қонақтар келді. Себебі 50 жылдық педагогикалық қызмет барысында өте көп оқушылар, түлектер, ата-аналармен жолықтық. Сондықтан бүгін біз нағыз мерекені атап өтіп жатырмыз».

«Теміртау жаңалықтары» редакциясы 50 жылдық тәжірибесі бар тамаша ұстаздарды шын жүректен құттықтап, оларға шығармашылық табыс пен сарқылмас шабыт тілейді!

 

 

Комментарии

Ответить

Вы должны войти, если хотите оставить комментарий.

Войти с помощью: