fbpx

Ең үздік оқушылар марапатталды


«Озат» ақпараттық технологиялар мектеб-лицейінде оқу жылының қорытындысы шығарылып, ең талантты әрі белсенді оқушылар марапатталды. «Озат жұлдызы» атты салтанатты шарада оқу, спорт және мектеп өміріндегі жетістіктерімен ерекшеленген оқушыларға марапаттар табысталды.

«Озат» ақпараттық технологиялар мектеб-лицейінде жылдың ең жарқын шараларының бірі — үздік оқушыларды марапаттау рәсімі «Озат жұлдызы» өтті. Бұл дәстүрлі іс-шара жыл сайын ұйымдастырылып, оқу, спорт және тәрбие ісінде жоғары нәтиже көрсеткен оқушыларды ынталандыруға бағытталған. Жыл бойы арнайы комиссия оқушылардың жетістіктері туралы ақпарат жинайды — олимпиадалар мен ғылыми конференцияларға қатысуынан бастап, спорттық жарыстардағы жеңістеріне дейін. Жиналған мәліметтердің негізінде үздік оқушылардың рейтингі жасалады.

Шолпан Фаткулина, «Озат» мамандандырылған ақпараттық технологиялар мектеп-лицейінің директоры: «Биыл мектебіміздің 197 оқушысының ішінен 59 ең үздігі таңдалды. Сол 59 оқушының бесеуі «Озат жұлдызы» кубогына лайық деп танылды. Қалғандары бағалы сыйлықтар мен дипломдармен марапатталады, ал бес үздік оқушы — кубок, ақшалай сыйлықтар және дипломдарға ие болады».

Кубоктар бес номинация бойынша табысталады: спорттағы жетістіктері үшін, тәрбие жұмысына белсене қатысқаны үшін және оқу жетістіктері бойынша үш номинация. Мектеп оқушылары мұндай іс-шаралар оларды жаңа белестерге жетелейтін күшті мотивация екенін айтады.

Богдан және Глеб, «Озат» мамандандырылған ақпараттық технологиялар мектеп-лицейінің оқушылары: «Мен — облыстық физика олимпиадаларының бірнеше дүркін жеңімпазымын. Біз — олимпиадаға қатысушылармыз, республикалық және облыстық байқауларда бақ сынап жүрміз. Мектеп өміріне де белсенді араласамыз. Сондықтан бүгін марапат аламыз деп үміттенеміз».

Ұйымдастырушыларға ерекше алғысын ұстаздар білдірді. Олардың айтуынша, бұл шара — оқушыларға білім берумен қатар, олардың тұлғалық дамуына шабыт беретін маңызды оқиға.

Гүлманат Рысбекова, «Озат» мамандандырылған ақпараттық технологиялар мектеп-лицейінің мұғалімі: «Ұстаздардың мақсаты — алдымызға келген әрбір оқушыны жеке тұлға деп танып, оның бойындағы ерекше қасиеттерді анықтап, қабілетін шыңдап, білім нәрімен сусындату. Сол оқушыларымыз биік шыңдардан көрініп, үлкен белестерді бағындырып, жан-жақты дамыған, жоғары деңгейлі тұлға ретінде танылып жатса — бұл ұстаз еңбегінің бағаланғаны деп білемін».

«Озат жұлдызы» салтанаты – еңбекқорлық пен табандылықтың, жетістікке деген ұмтылыстың мойындалуы. Ол бүкіл мектеп қауымдастығына үлкен шабыт береді.

 

 

Комментарии

Ответить

Вы должны войти, если хотите оставить комментарий.

Войти с помощью: