ТЖ-ға дайындық тексерілді
Теміртау қаласында азаматтық қорғаныс бойынша ауқымды оқу-жаттығу шаралары өтті. Екі күн бойы қызметтер мен бөлімшелер кез келген төтенше жағдайға дайын екенін көрсетті. Толығырақ — келесі бейнематериалда.
Теміртау қаласында кешенді командалық-штабтық оқу-жаттығу өтті. Оқу-жаттығу аясында қала әкімі Ғалым Әшімов пен Қарағанды облысы ТЖД бастығының орынбасары Қайрат Жанаспаевтың төрағалығымен азаматтық қорғаныс қызметтері мен ұйымдары басшыларының қатысуымен жиналыс өтті. Жиында кешенді оқу-жаттығудың мақсат-міндеттері айтылып, барлық құрылымдардың төтенше жағдайларға ден қою дайындығын арттыру бойынша басым бағыттар белгіленді.
Оқу-жаттығу барысында азаматтық қорғау қызметтері мен құрылымдарының күштері мен техникалық жабдықтарының кең ауқымды байқауы өткізілді. Азаматтық қорғаныс, өрт сөндіру, полиция, жедел жәрдем және басқа да қызметтердің жабдықтары мен техникалары көрсетілді.
Ерасыл Сайпаш, Қарағанды облысы ТЖД азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы: «Оқу-жаттығудың мақсаты – бейбіт және соғыс уақытындағы техногендік және табиғи сипаттағы төтенше жағдайлар кезінде қаланың басқару органдарының әрекет етуге дайындығын тексеру. Екінші күннің мақсаты – жүйені бейбіт жағдайдан әскери жағдайға көшіру кезіндегі басқару органдарының әрекеттерін пысықтау. Яғни, жиналу-эвакуациялық пункттер, қорғаныс құрылыстары, басқару пункттері және тағы басқа нысандар тексеріледі».
Оқу-жаттығу аясында маңызды өндірістік нысандағы практикалық әрекеттерге ерекше назар аударылды. Шартты сценарий бойынша Қарағанды бірінші мемлекеттік аймақтық электростанциясы нысанында қазандықта апат орын алды. Бұл авариялық-құтқару бөлімшелерінің шұғыл әрекетін талап етті. Апат салдарын оқшаулау, персоналды эвакуациялау және қосымша күштер мен құралдарды тарту бойынша әрекеттер жедел әрі үйлесімді жүргізілді. Бұл нақты қауіптерге дайындық деңгейін бағалауға және ден қою алгоритмдерін жетілдіруге мүмкіндік берді.
Бұдан бөлек, оқу-жаттығулар қаланың бірнеше негізгі нысандарында өтті: қала маңындағы орман шаруашылығы, «АКВА-Трейдинг» ЖШС аумағы, «Пассаж» сауда орталығы, жұқпалы аурулар ауруханасы мен «ТЭМК» АҚ. Мұндай ауқымды тексеру басқару органдары мен жедел қызметтердің нақты жағдайға барынша жақын жағдайда әрекет етуін жан-жақты бағалауға мүмкіндік берді.
Оқу-жаттығу қорытындысы бойынша барлық қатысушылардың әрекеттері талданып, кемшіліктер анықталды және оларды жою бойынша нақты ұсыныстар берілді. Теміртау қаласы әкімдігінің мәліметінше, барлық ескертулер жойылып, азаматтық қорғаныс жүйесі жетілдірілетін болады.
Комментарии