Думан Умбеталиев: еңбек адамының жолы
Эфирде жаңа «Еңбек адамы» бағдарламасы — өндірісті иығымен көтеріп жүрген жандар туралы. Бүгінгі кейіпкеріміз — Теміртаудан шыққан жас бригадир. Ол жұмысшы мамандығын таңдап, болашағын өз қолымен құрып келеді.
Теміртау — индустриялық Қарағанды облысының жүрегі. Мұнда күн сайын елдің дамуына негіз болатын іспен айналысатын адамдар еңбек етеді. Солардың бірі — «NORD Production Group» ЖШС шпал операторы әрі бригадирі Думан Умбеталиев.
Думан небәрі 22 жаста. Оның артында әскердегі қызмет және зауыттағы дербес еңбектің екі жылы бар. Оның негізгі міндеті — теміржолға төселетін темірбетон шпалдарды шығару.
Думан Умбеталиев, бригадир, «NORD Production Group» ЖШС шпал операторы: «2 жылдай болды жұмыс жасап жүргеніме. Армиядан кейін осы жұмысты таңдадым. Құрылысшы мамандығы бойынша колледж оқыдым. Осы жердегі барлық техника менің қарамағымда. Менің үстімнен қарайтын мастер бар, мен қалған жұмысшылардың үстінен қараймын бригадир болып. Барлық техникаға өзім қараймын. Мұнда қазір менімен шамамен 14 адам жұмыс жасайды. Әркім өз орнында өз жұмысын атқарады».
Думан жұмыс істейтін компания құрылысқа қажетті темірбетон бұйымдарын шығарады. Бірақ Думан жеке өзі жауап беретін негізгі өнім — шпал. Бұл жай ғана бетон бұйым емес. Олардың сапасына пойыз қозғалысының қауіпсіздігі, демек, адамдардың өмірі тікелей байланысты.
Думан Умбеталиев, бригадир, «NORD Production Group» ЖШС шпал операторы: «Жұмыс жасау керек. Жұмыс ұнамайды емес, ұнайды. Кемшіліктері жоқ. Өте маңызды ғой жұмысым. Теміржол астына шпал жатады. Сол себепті қаншама адамдардың өміріне жағдай жасалады. Шпал шығарамыз. Пойыздың астында жататын шпал».
Думанның отбасы түгелдей еңбек адамдары. Ата-анасы комбинатта жұмыс істейді, ал өзі темірбетон өндірісін таңдады. Бос уақытында спортпен айналысады, футбол мен жүзуді ұнатады. Бірақ ол үшін ең бастысы — туған қаласы мен еліне пайдалы болу.
Думан Умбеталиев, бригадир, «NORD Production Group» ЖШС шпал операторы: «Қаламыз үшін бұл өте маңызды деп ойлаймын, себебі қаншама зауыттар арқылы қаламыздың атағы шығып жатыр басқа қалаларға. Техниканы басқаратын адам ғой негізі. Техниканы басқармаса, жұмыс жасамайды ғой. Сондықтан үлкен рөл ойнайды еңбек адамы бұл заманда».
Думан сенеді: еңбек адамы — Теміртаудың дамуының басты қозғаушы күші. Оның еңбегі көзге бірден көрінбегенімен, дәл осы жұмыс бүкіл өндіріс ырғағын ұстап тұр.
Комментарии