Металлургтер даңғылында не болып жатыр?
Қала магистральдарын ауқымды қайта жаңғырту жұмыстары жалғасуда. Күрделі және орташа жөндеу жұмыстары ондаған жол учаскелерін қамтиды. Сонымен қатар жылу және су құбыры желілері жаңартылып, жаңа абаттандыру элементтері орнатылуда.
Металлургтер даңғылы — Теміртаудағы күрделі жөндеу жүргізіліп жатқан басты нысандардың бірі. Жөндеу жұмыстары ауқымды болғандықтан, жобаның жүзеге асуы ұзақмерзімді. Қазіргі таңда Республика даңғылынан Абай көшесіне дейін, сондай-ақ Абайдан Бейбітшілік көшесіне дейінгі учаскелерде жол жабындысын фрезерлеу жұмыстары аяқталған. Амангелдіден Бейбітшілікке дейінгі аралықта да жұмыстар жүргізілуде. Жаңа асфальт төсеумен қатар жылу және су құбырлары жаңартылуда, жарық бағаналарын орнату үшін ұңғымалар бұрғылануда. Бөлшектелген шам бағаналары мен қоршаулар тазартылып, мырышпен қапталып, қайта орнатылады. Велоспорт сүйер қауымға да жақсы жаңалық бар.
Арғынғазы Қуанышев, ТҮКШ бөлімі басшысының орынбасары: «Жоба шеңберінде веложолақтар салу, кіші сәулет формаларын орнату, санитарлық-гигиеналық тораптар орналастыру көзделген. Жарық бағаналарын орнату үшін ұңғымалар бұрғылануда. Жұмыстар өндірістік кестеге сәйкес жүргізілуде, нысанда техникалық және авторлық қадағалау жүзеге асырылуда».
Қаладағы бірнеше негізгі көшеде орташа жөндеу жұмыстары қатар жүргізілуде. Уәлихановтан Республика даңғылына дейінгі аралықта асфальттың төменгі қабаты төселіп, жоғарғы қабатын төсеу басталды. Абай, Бейбітшілік көшелері мен Құрылысшылар даңғылында да жөндеу жалғасуда. Сонымен бірге ұзындығы 24 шақырым болатын 19 жол учаскесіне арналған сметалық құжаттама әзірленіп, сараптамаға жолданды.
Комментарии