Табысқа жол
Теміртауда әлеуметтік осал топтар арасындағы кәсіпкерлік бастамаларды қолдау жалғасуда. 2024 жылы 10 адам өз ісін бастау үшін мемлекеттік грант алды. Солардың бірі — терезелерге қауіпсіздік торларын орнату бойынша жобаны іске асырған жергілікті тұрғын Ақылжан Елеуғазин.
Мемлекеттік грант — бұл жай ғана қаржылай көмек емес. Бұл — әсіресе жас кәсіпкерлер мен әлеуметтік осал топ өкілдері үшін өз ісін бастау мүмкіндігі. 2024 жылы Теміртауда 10 грант бөлінді. Байқаудың бірінші кезеңінде екі қатысушы өз жобаларын жүзеге асырса, екінші кезеңде тағы сегізі қолдау тапты.
Мақсат Төлеутаев, Теміртау қаласының Мансап орталығының басшысы: «2024 жылы Теміртау қаласында 10 бизнес-жоба мақұлданды. Солардың бірі — Ақылжан Елеуғазиннің терезелерге қауіпсіздік торларын орнату туралы идеясы. Ол “Бастау Бизнес” оқуын аяқтап, сапалы бизнес-жоспар ұсынып, жобасын сәтті жүзеге асырды. Барлық қаражат мақсатты түрде игерілді, жұмыс адал атқарылуда».
Ақылжанның оқиғасы — жеке қиындық пен әлеуметтік жауапкершіліктің бизнеске айналғанының жарқын мысалы. Мүмкіндігі шектеулі баланың әкесі ретінде ол балалардың өмірі мен денсаулығын қорғауға бағытталған өнім жасап шығарды.
Ақылжан Елеуғазин, грант иегері: «Жаз уақытында күн жылынған кезде терезелер ашық тұрады. Сол кезде балалар терезеден қараймын дегенде оқыс құлап кетуі мүмкін. Сондықтан қауіпсіздік үшін тор орнату өте абзал».
2025 жылы 15 грант бөлінді. Бірінші лекке өтінім қабылдау 22 мамырда басталды. Оқудан өтіп, құжаттарды Enbek.kz порталы арқылы тапсыруға болады. Егер сіз жұмыссыз, жас кәсіпкер немесе әлеуметтік осал топтың өкілі болсаңыз — бұл сіздің мүмкіндігіңіз!
Комментарии