Теміртауда есірткі жарнамасына қарсы күрес күшейтілді
Теміртауда есірткі жарнамасына қарсы бағытталған кең көлемді рейд өтті. Қала көшелеріндегі 350-ден астам граффити жазбалар боялды.
22 мамыр күні Теміртауда есірткі жарнамалайтын жазбаларды бояп жою бойынша кең көлемді акция өтті. Іс-шара «Нашақорлықтың алдын алу жөніндегі іс-шаралар кешені» жобасы аясында Теміртау қаласының Жастар ресурстық орталығы мен «Азаматтық бастамалар орталығы» қоғамдық бірлестігінің қолдауымен мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс негізінде ұйымдастырылды.
Александра Залетова, «Азаматтық бастамалар орталығы» ҚБ үйлестірушісі: «Бүгін бізбен бірге шамамен 40 адам қатысып отыр. Мұндай шаралар ай сайын өткізіліп тұрады. Сондай-ақ, тұрғындарды Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 299-бабы 1-бөлігіне сәйкес есірткі құралдарын заңсыз насихаттағаны және жарнамалағаны үшін мүлікті тәркілеумен 6 жылға дейін бас бостандығынан айыру түріндегі қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын ескерту қажет».
Акцияға полиция, прокуратура қызметкерлері, белсенділер мен еріктілер тартылды. Ерекше көңіл жастардың қатысуына бөлінді — себебі, дәл осы буын осындай бастамалардың белсенді қатысушысы болып табылады. Нәтижесінде 350-ден астам жазба боялды.
Руслан Кожекенов, «Теміртау қаласының Жастар ресурстық орталығы» КММ директоры: «Бұл жобаның аясында біз белсенді жастармен қатар, есепте тұрған жасөспірімдерді де тартуды жоспарлап отырмыз. Осындай акциялар арқылы оларды дұрыс жолға бағыттай аламыз деп сенеміз. Жалпы, бұл шараның жастарға тек пайдасы тиеді деп ойлаймыз»
Мамандардың айтуынша, есірткі қылмысына қарсы күрес мемлекет тарапынан ерекше бақылауға алынған және бұл жұмыс тұрақты түрде жалғасын табады.
Галина Ломайкина, Теміртау қ. ПБ есірткі қылмыстарына қарсы іс-қимыл бөлімінің аға жедел уәкілі: «Біз тұрақты түрде осындай акцияларды өткізіп тұрамыз. Оның ішінде, граффити жазбаларын бояу арқылы қылмысқа, соның ішінде есірткіге қарсы күрес жүргіземіз. Бұл шараға жастар, қоғамдық ұйымдар және бейжай қарамайтын азаматтар тартылады. Бұл күрес тұрақты негізде жалғаса береді»
Ұйымдастырушылар қала тұрғындарын мұқият болуға, немқұрайлы қарамауға және мұндай жазбаларды байқаған жағдайда құқық қорғау органдарына немесе Жастар орталығына хабарлауға шақырады. Бәріміз бірігіп — есірткіге қарсы тұрайық!