Теміртаулықтар жайлылықты өз қолдарымен жасауда
Теміртауда «Халық қатысатын бюджет» аясында тұрғындардың бастамаларын жүзеге асыру жалғасып жатыр. Бұл бағдарлама тұрғындарға өз ауласын немесе қоғамдық кеңістікті абаттандыруға бағытталған жобаларды ұсынуға және іске асыруға мүмкіндік береді. Осы бастама арқылы қалада жаңа скверлер, балалар және спорттық алаңдар бой көтеруде.
Өткен жылы 70-ші ықшам ауданындағы 12а үйдің ауласында жарықтандырылған, балалар алаңы, демалу орындары мен воркаут-аймағы бар шағын сквер пайда болды. Мұның барлығы — тұрғындардың белсенділігі мен жергілікті әкімдіктің қолдауының нәтижесі.
Думан Серіков, Теміртау қаласының ТҮКШ бөлімінің маманы: «Өткен жылы 70-ші квартал, 12а мекенжайында бұл бағдарлама аясында жоба жүзеге асты. Кез келген қала тұрғыны осы бағдарламаға қатысу үшін өтінім бере алады. Ол үшін қалалық экономика бөліміне жүгіну қажет. Онда толық ақпарат беріледі: жобаны жасау, оны қорғау, мақұлданған жағдайда бюджеттен қаржы бөлініп, жұмысты жүзеге асыру тәртібі түсіндіріледі».
Биыл бағдарлама аясында 13 жоба ұсынылған. Қазір конкурс кезеңі жүріп жатыр. Ұсыныстардың қатарында аулаларды абаттандыру, спорт және балалар алаңдарын орнату сияқты бастамалар бар. Бағдарламаның басты қағидаларының бірі — тұрғындардың белсенді атсалысуы.
«Халық қатысатын бюджет» — әрбір теміртаулыққа өз қаласын жайлы әрі ыңғайлы етуге берілген мүмкіндік. Мұнда тұрғындардың бастамашылдығы – басты қозғаушы күш.
Сонымен қатар, өткен демалыс күндері 70-ші ықшам ауданындағы скверде жағымсыз жағдай орын алды – бір әткеншек салмаққа шыдамай аударылып қалды. Салдарынан ерлі-зайыпты жұп жарақат алып, медициналық көмек көрсетілді. Куәгерлердің айтуынша, ағаш қаптаманың астындағы металл құбыр жарылып кеткен. Қазір әткеншек демонтаждалып, жөндеуге жіберілді. «Шығыс» саябағының әкімшілігі тұрғындарды нысандарға ұқыпты қарауға және қауіпсіздік ережелерін сақтауға шақырады.
Комментарии