Опан су тарту станциясы қалай жұмыс істейді
Жаздың келуімен су – бірінші кезектегі мәселе. Неліктен кей үйлерде су қысымы әлсіз, ал басқаларында – бәрі тұрақты? Біз басты су тарту станциясында болып, осы жазда не күту керектігін білдік.
Қаланың орталық және шығыс бөліктері, яғни 53 мыңнан астам абонент, суды Опан су тарту станциясы арқылы алады. Нысанда үш резервуар бар: екеуінің көлемі – 7 мың текше метрден, ал біреуі – 10 мың текше метр. Дәл осы резервуарлар су қорын қамтамасыз етіп, жеткізілім үзілістері кезінде де қала тұрғындарын тұрақты сумен қамтуға мүмкіндік береді.
Су жеткізуші ұйым өкілінің айтуынша, соңғы уақытта негізгі көздердің бірі – «АКВА-Трейдинг» ЖШС-нен келетін су көлемі тұрақсыз болған. Соның салдарынан резервуарлардағы су деңгейі уақытша төмендеген. Дегенмен, су қорларының арқасында тұтынушылар аса қолайсыздықты сезінген жоқ. Жалғыз шектеу – үш түн қатарынан сағат 00:00-ден 05:00-ке дейін су беру уақытша тоқтатылған.
Владислав Ким, «Оқжетпес-Т» ЖШС бас директорының орынбасары: «Біз өз тұтынушыларымызға тек үш күн түнде – 00:00-ден 05:00-ке дейін су беруді тоқтаттық. Қалған уақытта сумен жабдықтау тұрақты түрде жүргізілді. Орта есеппен сағатына шамамен мың текше метр су қажет. Бұл жерде бір тәулікке жететін су бар. Қарағандыдан бізге шамамен 500 текше метр су келеді. Ал АКВА-Трейдингтен» тәуліктік қажеттілікке байланысты 500-ден 700-ге дейін келеді».
Басты жобалардың бірі – Қарағанды–Теміртау су құбырын жаңғырту. Қазіргі таңда конкурстық рәсімдер жүргізіліп, ТҮКШ бөлімі құбырларды ауыстыру жұмыстарын бастап кетті. Биыл 5 шақырымда жұмыс жоспарланған. Жалпы ұзындығы – 27 км, оның кейбір бөліктері өткен жылдары жаңартылған.
Владислав Ким, «Оқжетпес-Т» ЖШС бас директорының орынбасары: «2023 жылы 5 шақырым жаңартылды. Одан бұрынғы жылы – 2, ал биыл – 3 шақырым, барлығы – 5 шақырым болады. Машзалдың жаңғыртылуы 2020 жылы жүзеге асырылды. Барлық жабдық заманауи түріне ауыстырылды, бұл су қысымын және көлемін тұрақты түрде ұстап тұруға мүмкіндік береді. Құбыр желісінің тозу пайызы жоғары болғанымен, ең тозған учаскелер біртіндеп ауыстырылып жатыр».
Тұтынушылар тарапынан келіп түсетін шағымдардың көбі көпқабатты үйлердің ішкі су жүйелерінің тозуына байланысты, ал су тарту станциялары қалыпты гидравликалық режимде жұмыс істеп тұр.
Қосымша қуат көзін Мичурин көшесіндегі жаңа су тарту станциясы қамтамасыз етеді. Оның сынақтық іске қосылуы жүргізілді, ұсақ кемшіліктерді жою жақын арада аяқталады. Бұл станция шығыс аймаққа су жеткізуді күшейтеді.
Владислав Ким, «Оқжетпес-Т» ЖШС бас директорының орынбасары: «Станция бұрын жұмыс істемей тұрды, себебі су желілері болмаған. ТҮКШ бөлімі Мичурин көшелерінің бойына диаметрі 700 мм болатын құбыр жүргізді. Ол былтыр тапсырылды. Сондықтан биыл су тарту станциясын іске қосып, тұрғындарды сапалы сумен қамтуды жоспарлап отырмыз».
Мамандардың айтуынша, тұрғындар 2023 жылғы жағдайдың қайталануынан қорықпауы керек. Ол кезде су кесте бойынша берілген еді. Бұл құбыр желісінің тозуына және жылу жүйелерін ауқымды жаңғырту жұмыстарына байланысты болған. Қазіргі уақытта ондай қауіп жоқ.
Кенеттен туындайтын апаттық жағдайларда коммуналдық қызметтерде ауыз суды жеткізу үшін су таситын машиналар дайын. Қажет болған жағдайда «Қарағанды Су» компаниясы қосымша көмек көрсетеді.
Комментарии