Академияға – 10 жыл
«Judo Kids» академиясы 10 жылдығын салтанатты іс-шарамен атап өтті. Сахнада спортшыларға, жаттықтырушыларға және академияның дамуына үлес қосып жүрген азаматтарға құрмет грамоталары мен естелік сыйлықтар табысталды.
Станислав Щетинин, жаттықтырушы: «Бүгін біздің мектепке 10 жыл толып отыр. 2015 жылы бұл мектепті құрған едік, содан бері бізде мыңнан астам спортшы тәрбиеленіп шықты. Оларды мықты, қайратты етіп тәрбиелеуге тырыстық. Іс-шара өте жақсы өтті деп ойлаймын — жан тебірентерлік, отбасылық жылы атмосферада өтті».
Академияның тәрбиеленушілері жыл сайын қаламызға үлкен жетістіктер сыйлап келеді. Солардың бірі — Ташкентте өткен Азия кубогының жүлдегері Қайыржанов Мансұр.
Мансұр Қайыржанов, спортшы: «Осы сертификатты маған таяуда Ташкентте өткен Азия кубогында алған үшінші орын үшін беріп жатыр. Өте қиын болды, 3-4 жыл бойы дайындалдым. Бұған дейін жеңіліп жүргенмін, осы жолы бақ шаба білді. Бұл тек бастамасы, алда бұдан да биік жетістіктерге жетеміз деп үміттенемін».
Дзюдо — бұл тек спорт емес, бұл — мінездің беріктігі мен төзімділіктің көрінісі. Біз спортшыларымыздың болашақта да жеңіске жетіп, туған қаламыздың атын әлемге таныта беретініне сенеміз.
Комментарии