fbpx

Жаңа кешен – жаңа мүмкіндіктер


Теміртауда жаңа дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы талқылануда. Жобаның ерекшелігі – оның мүмкіндігі шектеулі жандар үшін толық қолжетімді болуы. Билік өкілдері, қоғам белсенділері мен мамандар екінші жұмыс кеңесін өткізіп, алғашқы нақты қадамдарды белгіледі.

Қалада жаңа дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салу мәселелері бойынша екінші жұмыс кеңесі өтті. Талқылауға қалалық мәслихат депутаттары, қоғамдық кеңес мүшелері және мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты. Теміртау қалалық мәслихатының төрағасы Алексей Ломакиннің айтуынша, мұндай нысан салу қажеттілігі бұрыннан бері туындаған.

Алексей Ломакин, Теміртау қалалық мәслихатының төрағасы:  «Бізде спорт түрлерін орналастыру бойынша бірқатар мәселелер бар. Спорттық гимнастика, акробатика бағыттары бойынша сұраныс жоғары. Ескі қала мен оң жағалауда, орман шаруашылығы ауданында бірде-бір мәдени немесе спорттық үйірме жоқ».

Кеңесте кешен құрылысының идеясы ұсынылды, және бұл бастама нақты іске асырыла бастады – жер учаскесі жоспарлау жобасына бекітілді. Келесі кезең – техникалық құжаттаманы әзірлеу және жобалық-сметалық жұмыстарға қаржы бөлу. Жаңа кешеннің маңызды бағыттарының бірі – оның мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін толық қолжетімді болуы.

Николай Шендеров, Қоғамдық кеңес мүшесі, Теміртау қаласының паралимпиадалық спорт федерациясының басшысы:  «Біздің қалада мүмкіндігі шектеулі адамдарға толықтай бейімделген бірде-бір спорт нысаны жоқ. Бірақ бүгін біз талқылаған және алдағы уақытта салынатын нысан барлық қолжетімділік нормаларына сәйкес болады. Бұл – ерекше күн, инклюзивті спортты дамыту үшін үлкен жеңіс. Бұл кешенде мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған арнайы зал қарастырылады, ол 100% қолжетімді болады».

Кеңеске қатысушылардың айтуынша, құрылыс үшін қажетті жағдайлар алдын ала тексерілген: жанында мектеп орналасқан, аумақ қолайлы, жарық, жылу және кәріз жүйелері бар.

Қала билігі мен қоғам өкілдерінің пікірінше, бұл жоба бұқаралық спортты дамытуға ғана емес, сонымен қатар ерекше қажеттіліктері бар адамдардың әлеуметтік интеграциясына да маңызды үлес қосады.

Комментарии

Ответить

Вы должны войти, если хотите оставить комментарий.

Войти с помощью: