Джесси және аула
Теміртаудағы бір қарапайым аулада бәріне сүйікті, қызғылт-сары үлпілдек ит – Джесси тұрады. Осыдан тура бір жыл бұрын үйдің алдына келіп, қорған іздеген жануар бүгінде – бүкіл ауланың қамқорлығына алынған. Қалайша бір ит бүтін бір ауланы біріктірді – бүгінгі сюжетте.
Теміртаудағы Чернышевский көшесінің бір ауласында бір жыл бұрын пайда болған ит бүгінде жергілікті «жұлдызға» айналған. Джесси алғаш келгенде жүдеу, қорқақ болатын. Бірақ тұрғындар бей-жай қарамай, алдымен тамақ беріп, кейін ветеринарға апарып, емдеп, екпе салып, стерилизация жасатты. Қыста арнайы жылы будка да алдырды. Ең бастысы – бұл итке деген шынайы мейірім бар.
Джесси – тек ит емес. Ол – аула тұрғындарының ортақ жауапкершілігі. Апта сайын біреуі ветеринарға апарады, екіншісі кенеге қарсы дәрі тамызады. Қолға үйреніп қалған, балалармен де жақсы тіл табысады. Үлкендердің айтуынша, кейде балалардың еркелегенінен «шаршап та қалады». Бірақ өзі бәріне үйреніп кеткен.
Джесси қазір жай ғана аулада жүрген ит емес. Ол – жануарларға деген құрметтің, аула тұрғындарының ауызбіршілігінің символына айналды. Әрине, қарсы пікір айтатындар да болады. Бірақ көпшілік сенімді: жануарға деген мейірім бар жерде адамдар да бір-біріне жылы қабақ танытады.
Комментарии