Саналы таңдау
Теміртау қаласындағы №24 орта мектепте ата-аналар мен оқушыларға арналған облыстық форум өтті. Форум аясында тоғызыншы сынып оқушылары ата-аналарымен бірге қала колледждерімен танысып, мамандықтар мен білім беру бағдарламалары жайлы толық ақпарат алды.
Теміртаудағы №24 мектепте тәрбиенің бірыңғай бағдарламасы аясында «Әр бала — бір әлем» атты ата-аналарға арналған облыстық форум және «Мамандықтар жәрмеңкесі» ұйымдастырылды. Бұл шара мектеп оқушыларын, студенттерді, ата-аналарды, мұғалімдерді, билік пен қоғамдық ұйым өкілдерін бір алаңда біріктірді.
Екатерина Кудайбергенова, қалалық білім беру бөлімінің әдістемелік бөлім меңгерушісі: «Облыстық форум аясында мамандықтар жәрмеңкесі өтуде. Онда қаламыздағы бес колледж қатысып жатыр. Олар 9-сынып түлектеріне қандай мамандық алуға болатынын және оқу жағдайларын түсіндіріп беруде. Ата-аналар колледждердегі білім беру ерекшеліктерімен танысып жатыр».
Мектептің бірінші қабатында жұмысшы мамандықтардың көрмесі ұйымдастырылды. Түлектер ата-аналарымен бірге оқу орындары өкілдерімен тікелей сөйлесіп, сұрақ қойып, болашақ мамандықтарын таңдауға мүмкіндік алды.
Лариса Питаева, ата-ана: «Мен — 9-сынып оқушысының анасымын. Қызым болашақта қайтадан оқып, уақыт жоғалтпай, өзіне ұнайтын, қажетті мамандық таңдасын деймін».
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай шаралар оқушылардың кәсіби болашағын анықтауға ғана емес, мектеп пен отбасы арасындағы серіктестікті нығайтуға да ықпал етеді.
Комментарии