Ыстық су қайта қосылады
Қала тұрғындарының бір бөлігі үшін жағымды жаңалық — ыстық су біртіндеп беріле бастайды. Дегенмен, кей аудандарда жөндеу жұмыстары әлі де жалғасып жатыр. Қай үйлерге су берілді, ал қай жерлерде шілдеге дейін күтуге тура келеді — толығырақ келесі бейнематериалда.
Келесі аптаның басынан бастап Теміртауда ыстық су кезең-кезеңімен қайта беріле бастайды. Қазіргі таңда 773 үйге ыстық су қосылды. Қалған тұрғын үйлерде әлі де жөндеу жұмыстарына байланысты су берілмеген. Бұған дейін жөндеу жұмыстары үш күнге ғана созылады деп хабарланған болатын. Алайда, тексеріс кезінде қосымша ақаулар анықталып, жұмыс көлемі артқан соң, мерзім де ұзартылды.
Роман Оппелендер, «Оқжетпес-Т» ЖШС-нің жылумен қамту жөніндегі бас директорының орынбасары: «Қысыммен сынақ жүргізу кезінде қосымша ақаулар анықталды. Зауыт маңындағы ірі арматура ауыстырылып жатыр. Сол себепті жөндеу мерзімі ұзартылды».
Мамандардың айтуынша, барлық мерзім – шамамен алынған. Ыстық судың сапасы мен желілердің тазалығы басты назарда.
Роман Оппелендер, «Оқжетпес-Т» ЖШС-нің жылумен қамту жөніндегі бас директорының орынбасары: «Қазір желілерді шаю жұмыстары жүріп жатыр. Су лай болса — ағызып жібереміз. Су тазара бастаған сәттен бастап сынама аламыз, санитарлық талаптарға сай болса — жібереміз. Сай болмаса — шаюды жалғастырамыз».
Жаз мезгілінде қала бойынша ауқымды ажыратулар жоспарланбаған. Алайда жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан аймақтарда ыстық су уақытша болмайды.
Роман Оппелендер, «Оқжетпес-Т» ЖШС-нің жылумен қамту жөніндегі бас директорының орынбасары: «Қазір ірі жөндеу жұмыстары Мичурин көшесінде жүріп жатыр. ТМ-3 магистралінде диаметрі 800 мм құбырлар ауыстырылуда. Сондай-ақ Теміртауская, Бейбітшілік көшелерінде де құбырлар жаңартылып жатыр. Бұл аудандарға шілде айына дейін ыстық су берілмейді. Сонымен қатар, Металлургтер даңғылы, 5 және 7-шағынаудандарда, сондай-ақ Құрылысшылар даңғылында да жөндеу жүріп жатыр. ‘РАЙС KZ’ компаниясы соңғы екі жылдық жобасын аяқтап жатыр. Осы аймақтарда да кейбір үйлерде уақытша ыстық су болмайды».
Биылғы жылы «Оқжетпес-Т» компаниясы жөндеу жұмыстарын мердігерсіз, өз күштерімен атқаруды жоспарлап отыр. Бұл шешім өткен жылы мердігерлерге байланысты болған шағымдардан кейін қабылданған.
Комментарии