Мартенов көшесіндегі мәселе шешілді ме?
Теміртаудағы Мартенов көшесінде орналасқан үйді бірнеше күн бойы кәріз суы басып, тұрғындар қиын жағдайда қалған еді. Осы мәселе төңірегінде біз сюжет жасаған соң, тиісті органдар үн қатты. Енді тұрғындар нені білуі керек және осындай жағдай қайталанбауы үшін не істеу қажет – келесі материалда.
Бұған дейін «Теміртау жаңалықтары» бағдарламасында Оң жағалаудағы Мартенов көшесі, 36-үйдің жертөлесін кәріз суы басып жатқанын айтып, ешкім көмекке келмей жатқанын хабарлаған едік. Алайда, бұл мәселе дәл сол күні шешілген жоқ. Үй тұрғындары баспанасының кәріз коллекторына айналмауы үшін біраз күресуге мәжбүр болды.
Неля Оккерт, Мартенов көшесі, 36 үйдің тұрғыны: «Бүгінде біздің кәріз жүйесіне қатысты мәселе шешілді. Бірақ бұған жету үшін біраз уақыт қажет болды. Жеке өзім үшін бұл сенбіден сейсенбіге дейін созылды. Сенбі күні үйімізді су баса бастады. Сенбі және жексенбі күндері біз “АКВА-трейдингке” және ТЖ қызметіне бірнеше рет хабарластық, алайда бізге барлық жерден бас тартты. Дүйсенбі күні мен қала әкімдігі өкілдері бар топқа қосылып, көмек сұрай бастадым. Өйткені құдық қайтадан тола бастаған еді. Сол күні кешке мен Алексей Борисович Ломакинге жаздым. Ол бірден хабарласып, көмектесуге уәде берді. Сейсенбі күні таңертең “Оқжетпес” пен Алексей Борисович келіп, жағдаймен танысты. Соңында “АКВА-трейдинг” те келіп, құдықтарды ұзақ уақыт бойы сорғылап, тазартты. Қазір біздің құдық бос тұр. Енді кәріз бен суды еркін пайдалана аламыз».
29 мамыр күні өткен баспасөз мәслихатында «АКВА-трейдинг» ЖШС директоры Аягөз Смағұлова компанияның атынан жағдайға түсініктеме берді.
Аягоз Смагулова, «АКВА-Трейдинг» ЖШС директоры: «Коллектордың үш құдығы жол салу кезінде қиыршық таспен көміліп қалған. Екінші мәселе – үйден шығатын кәріз құбырының деңгейі талапқа сай болмаған. Соның салдарынан кәріз суы штаттық режимде орталық коллекторға кете алмаған. Бұл кері ағым туындатты. Қазіргі уақытта бригада жұмыс істеп, коллектор толық тазартылды. Қазір кәріз жүйесі штаттық режимде жұмыс істеп тұр».
Тұрғындар апат туралы өтініш бергенмен, оны елемей қойды деген шағымдарға қатысты Аягөз Қалқаманқызы: өтініш тіркелген, расында қиындықтар болды, бірақ мәселе шешілгенін айтты. Сонымен қатар, тұрғындарға мәселелер туралы ресми түрде хабарлау қажеттігін еске салды – яғни интернетке емес, тікелей диспетчерлік қызметке жүгіну керек.
Аягоз Смагулова, «АКВА-Трейдинг» ЖШС директоры: «Өтініш беру үшін тұрғындар 93 45 55 диспетчерлік қызметінің нөміріне немесе 8 708 430 25 41 нөміріне қоңырау шалуы қажет. Біз, яғни тұрғындар, диспетчерге қоңырау шалуды үйренуіміз керек. Көп жағдайда адамдар Instagram немесе WhatsApp, Telegram секілді әлеуметтік желілерге жазады, бірақ ол ресми өтініш болып есептелмейді. Ал диспетчерлік журналда өтініш ресми тіркелгенде ғана бригадаға тапсырма беріледі. Мысалы, мен журналды ашып қарасам, таңертең Мартенов 36 туралы жазба болмаған. Ал күн ішінде ресми түрде түскен өтініштер диспетчер арқылы тиісті бригадаға жеткізіледі».
Дегенмен, интернет кеңістігін мүлдем ескермеуге де болмайды. Хабарлама алмасу қосымшалары – тиімді ескерту құралы. Мәселен, қызмет көрсетуші мекемелер өздері де жоспарлы жөндеу жұмыстары туралы осындай арналар арқылы ескертеді. Бүгін, мысалы, «АКВА-трейдинг» ЖШС мердігер ұйым тарапынан жөндеу жұмыстары жүргізілетінін айтып, Шевченко, Щорс, Сталеварлар, Нагорная және Восточная көшелеріндегі үйлерде су уақытша өшірілетінін хабарлады. Тұрғындарға тәуліктік су қорын алдын ала дайындау ұсынылды.
Комментарии