«Китацу»: күш пен мінез мектебі
Алғашқы лақтырыстар, медальдар мен нағыз жеңістер — «Китацу» клубының тәрбиеленушілері үшін спорт жай хобби емес, өмір салтына айналды. Мұнда балалар өздерін қорғауды, қарсыласқа құрметпен қарауды және өз күшіне сенуді үйренеді. Чемпиондарды тәрбиелейтін клуб қалай жұмыс істейді — осы жайында баяндаймыз.
Спорттық клуб «Китацу» самбо және жауынгерлік самбо бойынша жас спортшыларды дайындайтын алдыңғы қатарлы орталықтардың бірі болып табылады. Клубта 10 жастан бастап балалар, жасөспірімдер мен ересектер жаттығады. Жаттығуларды тәжірибелі бапкерлер, оның ішінде жауынгерлік самбодан аға жаттықтырушы Манат Керімбаев өткізеді.
Манат Керімбаев, жауынгерлік самбодан аға жаттықтырушы: «Осы залда қазіргі жасөспірімдерді самбо күресінен дайындап жатырмыз. Самбо деген — қарусыз қорғану дейді ғой. Қарусыз қорғану әдістері. Әр салада әрқалай әдістермен және әртүрлі жаттығулармен дайындалады. Бұл самбо күресінде облыстық чемпионат бар, Қазақстан Республикасының чемпионаты бар, Азия чемпионаты бар, содан кейін әлем чемпионатының біріншіліктері бар. Осы залда жаттыға бастағанымызға 4 ай болды».
«Китацу» клубы жетістіктерімен мақтана алады. Клубтың тәрбиеленушілері республикалық және әлемдік деңгейдегі чемпионаттарда жүлделі орындарға ие болуда.
Даниил Матчурин, спортшы: «Мен самбо және дзюдомен 8 жыл бойы айналысып келемін. Облыстық чемпионатта жеңіске жеттім. Одан кейін көптеген қалалар мен елдерде өткен жарыстарға қатыстым, үлкен тәжірибе жинадым, жетістіктерге жеттім. Жалпы, маған самбо мен дзюдомен айналысқан ұнайды».
Жаттықтырушылардың айтуынша, клубта толыққанды дайындық үшін барлық жағдай жасалған. Жаттығулар жайлы әрі мотивация беретін атмосферада өтеді.
Амина Жанат, клуб тәрбиеленушісі: «Әрбір адам спортпен шұғылдануы керек — өзі үшін, денсаулығы үшін. Және де қыздарды спортқа шақырамын — өз-өзін қорғай алуы үшін. Спорт — денсаулыққа да пайдалы. Жастарды спортқа шақырамын».
Клуб 10-14 жас және 18 жастан жоғары жастағыларды жаттығуға шақырады. Жаттығу үдерісі жалпы физикалық дамуға және спорттық жетістіктерге бағытталған. Толығырақ ақпарат алу және жаттығуға жазылу үшін мына телефон нөміріне хабарласыңыз: 8 (702) 246 – 23 – 92.
Комментарии