Осакаров ауданында 6000 басқа арналған сүт фермасы салынуда
Осакаров ауданында ауқымды сүт-тауар фермасының құрылысы басталды. Жоба өңірді сапалы өніммен және жаңа жұмыс орындарымен қамтамасыз етуге бағытталған.
Қарағанды облысында сүтті мал шаруашылығы саласында ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Осакаров ауданының Родников ауылдық округінде «Eurasia Invest» компаниясы 6000 бас ірі қара малға арналған заманауи сүт-тауар фермасын салып жатыр. Жобаның жалпы құны 30 миллиард теңгеден асады, ал жылдық өндірістік қуаттылығы 9 мың тонна сүтті құрайды. Кәсіпорын 180 жаңа жұмыс орнын ашпақ.
Ермағанбет Бөлекпаев, Қарағанды облысының әкімі «Біз ауқымды жобаны жүзеге асырамыз. Бүгін Қазақстандағы ең ірі сүт фермасының құрылысына тас қалаудың рәсімі өтеді».
Қарағанды облыстық мәслихатының депутаты әрі «Евразия Инвест LTD» ЖШС-нің құрылтайшысы Иван Георгиадидің айтуынша, жоба кезең-кезеңімен жүзеге асады, ал алғашқы кезек биыл іске қосылады деп жоспарланған. Жоба аясында суармалы жерлердің көлемін 10 мың гектарға дейін ұлғайтып, 120 жаңбырлатып суғару қондырғысын орнату көзделген. Бұл егін өнімділігін едәуір арттырады. Сонымен қатар, 12 мың тоннаға арналған көкөніс сақтау қоймасы салынады.
Комментарии