fbpx

Колледж мерейтойы


Теміртау жоғары политехникалық колледжі өзінің 70 жылдық мерейтойын салтанатты кешпен атап өтті. Бұл кешке оқу орнының дамуына үлес қосқан барлық жандар жиналды.

Теміртауда өңірдегі ең көне кәсіби білім беру мекемелерінің бірі — Теміртау жоғары политехникалық колледжінің 70 жылдығына арналған салтанатты іс-шара өтті. Бұл маңызды оқиға бір шаңырақ астына оқытушыларды, студенттерді, түлектерді, ардагер ұстаздарды, білім бөлімі өкілдерін, депутаттарды, мемлекеттік қызметкерлерді, әлеуметтік серіктестер мен демеушілерді жинады.

Оқу орнының тарихы 1955 жылдан басталады. Сол кезде Қазақстан металлургиясының қарқынды дамуына байланысты білікті жұмысшы кадрларын даярлау мәселесі туындады. Осылайша құрылыс техникумы құрылды. 1993 жылы ол металлургия техникумымен бірігіп, кейін басқа да бейінді оқу орындарымен қосылып, қазіргі заманғы политехникалық колледж болып қалыптасты. Бүгінде бұл — зертханалармен, құзыреттілік орталықтарымен және заманауи шеберханалармен жабдықталған қуатты білім ордасы.

Ирина Крикуненко, ТЖПК оқытушысы: «Колледж көптеген түрлі кезеңдерден өтті. Бірақ бүгінде бұл керемет оқу орны болып отыр. Мен өз оқу орнымның үлкен жанашырымын және бұл оқу орнына мақтануға болады деп сенемін. Сонымен қатар, түлектерімізге де мақтануға болады. Олар бүгінде жұмыс берушілердің қатарында, ардагерлер қатарында, әлеуметтік серіктестер қатарында да бар».

Мерейтой күні ұрпақтар сабақтастығына ерекше назар аударылды. Мерекеге колледждің бұрынғы түлектері қатысты, олардың көпшілігі бүгінде оқу орнының әлеуметтік серіктестері, бизнес пен өнеркәсіп өкілдері болып табылады.

Гүлдана Шагирова, ТЖПК-ның арнайы пәндер оқытушысы: «Қазақстан Республикасының колледждері арасында ең үздік колледждердің қатарында. Көптеген жаңа технологиялар, халықаралық ынтымақтастық, жаңадан келген инновациялардың барлығын осы біздің колледжден көруге болады».

Мерекелік бағдарлама аясында қонақтарға колледж бойынша экскурсиялар ұйымдастырылып, студенттердің жетістіктері, зерттеу жобалары мен ең жаңа білім беру технологиялары таныстырылды. Ерекше сәт — колледждің бай тарихы мен қаланың дамуына қосқан үлесін көрсететін виртуалды музейдің ашылуы болды. Күн мерекелік концертпен аяқталды.

Самат Зияшев, Теміртау қаласы әкімінің орынбасары: «Біздің колледж тек қана елімізде ғана емес, халықаралық деңгейде де танымал мекеме. Қазіргі таңда оның 20-дан астам халықаралық және шетелдік серіктестері бар. Бұл — үлкен жетістік деп ойлаймын».

Жетпіс жылдық мерейтой — тек естеліктерге себеп емес, колледждің болашаққа сеніммен қадам басып келе жатқанының дәлелі. Колледж түрлі салада сұранысқа ие мамандар даярлауды жалғастырып, өңірдің интеллектуалдық және еңбек әлеуетін қалыптастыруда.

 

Комментарии

Ответить

Вы должны войти, если хотите оставить комментарий.

Войти с помощью: