Германиялық қонақпен мәдени кездесу
Теміртауда ерекше жүздесу өтті. Мектеп оқушылары, студенттер мен еріктілер Германиядан арнайы келген Эдвин Варкентинмен кездесті. Жылдар бойы бұл қалада болмаған қонақ туған жеріне оралып, өз өмір жолы, неміс халқының мәдениеті және халықаралық байланыстар жайында ой бөлісті.
Эдвин Варкентин — Германияның Детмольд қаласындағы Ресейлік немістер музейінде мәдениет жөніндегі референт болып қызмет атқарады. Қазақстанға ол ақпараттық тур аясында келді. Теміртаудағы сапары қысқа болса да, мазмұнды өтті. Бұл қала — оның балалық шағы өткен туған жері. Эдвин ата-анасының ізімен жүріп, таныс көшелерді аралап, жергілікті жастармен кездесуді маңызды деп санады.
Эдвин Варкентин, Ресейлік немістер музейінде мәдениет жөніндегі референт: «Мен бұл жаққа неміс мұғалімдеріне арналған ақпараттық экскурсия ұйымдастыру үшін келдім. Бұл экскурсия алдағы екі аптада Астана мен Алматы қалаларында жалғасады. Ал Теміртауға өзімнің балалық шағым өткен жер ретінде арнайы келіп, осы қаламен қайта қауышқым келді. Бүгінгі жастармен кездесу маған үлкен қуаныш сыйлады — олармен Германиядағы өмір, тарих және көші-қон жайында бөлістім».
Кездесуге қатысқан жастар мен белсенділер Эдвинге түрлі сұрақтар қойып, Германиядағы неміс диаспорасының қазіргі өмірі, мәдени мұраны сақтау жолдары, білім беру және экологиялық жобалар туралы білді. Қонақ өз тәжірибесімен бөлісіп, қазақстандық студенттер үшін халықаралық жобаларға қатысу мүмкіндіктері жайында айтты.
Анатолий Лакунцов, «Ассамблея жастары» жобасының жетекшісі:«Қазір Теміртауда Неміс мәдениетінің айлығы өтіп жатыр. Осы айлық аясында біз жастарға неміс халқының тарихы мен дәстүрін таныстыратын бірқатар іс-шаралар өткізіп жатырмыз. Солардың ішінде Эдвин Варкентинмен өткен кездесу ерекше маңызға ие болды».
Мұндай кездесулер жастарды мәдени мұраны сақтаудың заманауи жолдарымен таныстырады. Ал Эдвин Варкентин үшін бұл сапар туған қаласына рухани оралу болды — ол Теміртауда өткен балалық шағын еске алып, болашаққа жаңа серпінмен көз жүгіртті.
Комментарии